366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда бастығын атып өлтірген әскериге қатысты сот отырысы басталды

  • 253
  • UPD: 15:35, 25.09.2018

Талдықорғанда өзінің бастығын атып өлтірген Алматы облыстық қорғаныс істері департаменті басшысының бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі.

Аталған қылмыстық іс жергілікті гарнизонның әскери сотында қаралып жатыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Естіген елдің еріксіз жағасын ұстатқан жантүршігерлік оқиға биыл 31 наурызда болды. Алматы облыстық қорғаныс істері департаменті басшысының орынбасары Асқар Оспанов сол күні таңғы сегіздер шамасында өзінің бастығы Бердібек Берістемовті 16 калибрлі аңшы мылтығымен атып тастаған еді.

Осылайша, полковник шеніндегі әскери қызметкер өз кабинетінде жантәсілім етті. Ал Оспанов болса, кабинетті ішінен бекітіп алып, шықпай қойған. Оқиға орнына дереу жеткен Алматы облыстық Ішкі Істер департаментінің басшысы мен әскери прокурор онымен 3 сағат бойы келіссөз жүргізді. Нәтижесінде қылмыскер мылтығын терезеден лақтырып, тәртіп сақшыларына берілуге мәжбүр болды. Міне, содан бері 6 айға жуық уақыт өтті. Тараптар Талдықорған гарнизонының әскери сотында өтіп жатқан сот процесіне бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуына еш қарсылық білдірген жоқ. Аталған оқиғаға байланысты бастапқыда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша іс қозғалды делінген еді. Ол кейіннен 101 баптың, 1 бөліміне ауыстырылған. Өйткені Асқар Оспанов бұл қылмысты жасаған кезде аффект жағдайында болды делінуде. Ал тергеу барысында ол бастығының өзін балағаттап, жеке құрамның алдында ар-намысын аяққа таптағанын, сол үшін шыдай алмай, осындай қадамға барғанын айтқан. Марқұм болған әскери лауазым иесінің туыстары Оспанов күйзеліс жағдайында кісі өлтірді дегенмен келіспейді. Олар сол себепті 101-бапты 99-бапқа ауыстыруды сұрап отыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Бұл бағытта үш рет сот-психиатриялық сараптама жасалыпты. Ол Алматы мен Жамбыл облысының аумағында өткен. Бірақ жәбірленуші тарап аталған сараптамалардың заңға сай жасалмағанын алға тартты. Өйткені сараптаманы берген адамдардың аты-жөнін ешбір порталдан кездестірмеген. Олар осы іске қатысы бар сот-психиатриялық сараптама органдарының өкілдерін сот отырысына шақырып, жауап алуды талап етті. Сондықтан бұл қылмыстық іске қатысты сот отырысының әлі біраз уақытқа созылатын түрі бар. Біз оны үнемі назарда ұстайтын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы