360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейлік ұрының «батырлығы» полицейлерді таңқалдырды

  • 165
  • UPD: 10:01, 03.10.2018
Семейлік ұрының «батырлығы» полицейлерді таңқалдырды RZN.info

Талдықорғанда полиция қызметкерлері автокөлік тонауды кәсіп еткен ұрыларды ұстады.

Ал Астанада еліміздің банк жүйесіндегі дефолт туралы жалған ақпарат таратқандар анықталды. Сондай-ақ атыраулық прокурорлар 52 миллион тонна мұнайды заңсыз айналымнан шығарды. Осы және өзге де оқыс оқиғалар туралы келесі топтамада. 

Автокөлік тонауды кәсіп еткен қылмыстық топ ұсталды

Талдықорғанда полиция қызметкерлері автокөлік тонауды кәсіп етіп келген ұрылар тобын ұстады. Күдіктілер көшедегі бейнебақылау камераларының көмегімен анықталған. Оңай олжаға құныққандар түнгі мезгілде автокөліктерді тонап келген. Олардың 5 қылмысқа қатысы барлығы анықталып отыр. Екі күдіктіден автомагнитофон, авторадар және басқа да көлік иесіне тиесілі заттар табылып, тәркіленді. Қазір қолға түскендерге қатысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлады Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Көше тыныштығын күзетуден бейнебақылау камераларының көмегі зор. Жыл басынан бері қарай облыс орталығында 98 қылмыс ашылып, 5 мыңға тарта әкімшілік құқық бұзушылықтың беті ашылған.

52 млн теңгелік мұнай өнімдері заңсыз айналымнан шығарылды

Мұнайлы Атырау облысында жасырын мұнай тасымалдау әрекетіне қарсы кешенді шаралар қолға алына бастады. Кен алаңдарынан орталыққа тартылған мұнай құбырларына заңсыз жалғасып, қара алтынды теспей сорып келгендер жыл басынан бері қарай мемлекетке 52 миллион теңге залал келтірген. Өткен жылы құқық қорғаушылар мұнайды жасырын тасымалдау, сақтау және сату дерегі бойынша отыз бес қылмыстың бетін ашты. Оның он сегізі сотқа жолданды. Алайда оңай олжаға құныққандарға бұл да тыйым болатын түрі жоқ. Осыған орай Атырау облыстық прокуратурасы осы бағытта кешенді шара қолға алды.

Әсет Бекназаров, облыс прокурорының көмекшісі:

- Бұған дейін құқық қорғау органдары тек қана тасымалдаушыларды ұстаумен шектелген. Ал мұнай кімдікі, қайдан алынғаны анықтаусыз қалуда. Сондықтан облыстық прокуратурамен құқық қорғау органдарына бұл мәселені қарау жөнінде назар аударылды.

Жалған хабарлама таратушылар анықталды

Ішкі істер органдары қызметкерлері WhatsApp жүйесі арқылы коммерциялық банкілердің бірінде таяу күндері орын алады-мыс қаржының құнсыздануы туралы жалған ақпарат таратқандарды анықтады. Алматы, Шымкент және Алматы облысының 3 тұрғыны жалған ақпаратқа қатысы бар екендігі дәлелденіп отыр. Сол себепті Ішкі істер министрлігі қандай да ақпаратты тарату барысында оның анық-қанығын тексеруге кеңес береді. Дәлелсіз теріс ақпараттарды тарату заң жолымен жазаланады. 

Металл сынықтарын ұрлаушылар ұсталды

Семейде жедел алдын алу шаралары кезінде 30 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Күдікті өзгелердің мүлкіне қол сұққаны үшін істі болып отыр. Ұрының шектен шыққан «батырлығы» полицейлерді таңқалдырған. Өйткені арам пиғылын жүзеге асыру үшін ол тіпті жүк көліктері мен жұмысшылар да жалдаған. Осылайша бөтен үйлерге рұқсатсыз кіріп, аулалардағы темір-терсектерді тиеп алып кетіп отырған. Заңсыз жинаған дүниені темір қабылдау нүктелеріне өткізіп пайда таппақ болған.

Хабар 24 телеарнасы