383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсуда 51 жастағы ер адам топырақ үйіндісінің астында қалды

  • 387
  • UPD: 15:11, 19.10.2018
Ақсуда 51 жастағы ер адам топырақ үйіндісінің астында қалды pavlodarnews.kz

Павлодар облысындағы Ақсу қаласында 51 жастағы ер адам топырақ үйіндісінің астында қалып қойды.

Ол ауыр халде Ақсу орталық ауруханасына жеткізілген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай Терешкова көшесіндегі жеке тұрғын үйдің ауласында орын алған.

«Ер азамат су өткізу құбырларын салу үшін жерасты жұмыстарын жүргізу кезінде құмның астында қалған. Жедел құтқару жасағының күшімен бір сағат 20 минуттан кейін ер адамды алып шықты. Оқиға орнында ТЖД-дан екі адам мен бір техника жұмыс істеді», - деді департаментте.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның айтуынша, зардап шеккен адам орталық ауруханаға түрлі жарақатпен жеткізілген. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты деп бағалануда.

Айта кеткен жөн, осымен Ақсуда бір айдың ішінде екі қайғылы жағдай тіркелген. 18 қыркүйек Луговая көшесінде орға түскен топырақ дәнекерлеушіні басып қалған. Өкінішке орай, ер адам қайтыс болған.

Аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде, - дейді мемлекеттік инспектор Абырай Сабыров. «Медициналық-сот сараптамасын күтіп отырмыз. Бұдан кейін ғана қайғылы оқиғаның өндіріспен қатысы бар-жоғы анықталады. Расталған жағдайда іс құқық қорғау органдарына жіберіледі. Ер адам «АльянсПромСтрой» ЖШС-інде дәнекерлеуші болып жұмыс істеген.

Хабар 24 телеарнасы