389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы көпқабатты үйдің пәтерінен ер адамның мәйіті табылды

  • 542
  • UPD: 10:29, 08.11.2018

«Қазмұнайгаз өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қуандық Құлмурзин пара алды деген күдікпен ұсталды.

Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Әсет Шаяхметов 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Павлодар облысында жазасын өтеуші түрмеден қашып кетті. Ал Ақтаудағы көпқабатты үйдің пәтерінен ер адамның мәйіті табылды.

«Қазмұнайгаз» ЖШС бас директоры Қуандық Құлмурзин пара алды деген күдікпен ұсталды. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы өзіне бағынышты филиал директорының міндетін атқарушыдан 4 млн 300 мың теңге пара алған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарованың мәлімдеуінше, кінәсін мойындауына байланысты күдіктілерге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Кепілдік сомасы шамамен 5 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда тергеу ісі жалғасып жатыр

Экс-шенеунік 12 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Әсет Шаяхметовты 12 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Оған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген кезінде аса ірі көлемде пара алды және қылмыстық жолмен келген ақша мен өзге де мүлікті заңдастырды деген айып тағылған еді. ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша кінәлі деп танылған экс-шенеуніктің қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқынан айырылды.  Ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болады.

Жазасын өтеуші түрмеден қашып кетті

Ал Павлодар облысында жазасын өтеуші түрмеден қашып кетті. Оқиға Шідерті ауылы маңындағы 162/10 түзеу мекемесінде болды. 2015 жылы сотталған ер адам қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан. Онда отырғандар мекемеден тыс жерлерге бара алады. Қашқын 3 қараша күні колония аумағынан шығып кеткен. Қазіргі таңда іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

Пәтерден мәйіт табылды

Ақтаудағы 27 шағынауданның көпқабатты үй пәтерінен ер адамның мәйіті табылды. Күндізгі бір шамасында сол пәтерге марқұмның баласы келген. Қимылсыз жатқан әкесін көрген бойда жедел жәрдем мен полиция шақырады. Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі осы іске қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады.

Дүкенге жапсарлас тұрған жер үй өртенді

Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүкен өртенді. Көп ұзамай жалын іргелес тұрған жер үйге ауысқан. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар түскі сағат бір шамасында шақырту алған. Өрт екі сағаттан соң сөндірілді. Мамандар жалын шығу себептері мен келген шығынды анықтап жатыр.

Санитарлық нормалар бұзылды

Қарағанды облысының санитарлық эпидеомиологтары Абай қаласындағы дөнер әзірлейтін дүңгіршектің жабылуын талап етіп отыр. Есіңізге сала кетсек, дәл осы ас әзірлейтін жерде 10 адам дөнерден уланған болатын. Бұған дүңгіршектегі антисанитария себеп болған. Мұны шұғыл тексеріс жүргізген санэпидемиологтар анықтады. Екі адамның ағзасынан сальмонелла бактериясы табылса, қалғанында өткір ішек инфекциясы тіркелді. Қазір көше асын әзірлейтін орын жабылып, іс экономикалық сотқа жолданды.

Хабар 24 телеарнасы