387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында балалар вагон сөресінің астында қалып қойды

  • 533
  • UPD: 10:57, 09.11.2018

Маңғыстаулық екі жеткеншік құлаған вагон сөресінің астында қалып қойды. Оқыс оқиға Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында болды.

Ауыр сөрені  көтеруге күші жетпеген анаға үш ер адам жәрдем берген. Жолсеріктер құлағы жараланып, маңдайы іскен балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетіпті. Ал жақын станцияда оларды жедел жәрдем көлігі күтіп алған. Қазір жеткіншектер ауруханада жатыр. Дәрі-дәрмек және психологиялық көмек ақысын «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамымен келісімге отырған сақтандыру компаниясы төлейді. Жуық арада оқиға болған құрамның барлық вагондары тексерілмек.

Талдықорғанда 7 жастағы баланы питбуль тұқымды екі ит талап өлтірді. Бұл жантүршігерлік оқиға Мерекелік саяжай аумағында болған. Төбелестіруге арналған асыл тұқымды иттер көшеден өтіп бара жатқан балаға тұтқиылдан тап берген. Мойны мен жамбас етінің жұлым-жұлымы шығып, басынан зақым алған оқушы дереу ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер оны өлім аузынан аман алып қала алмады. Бұл деректі Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі растады. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. 

Маңғыстау облысындағы «Бейнеуэнергосервис» мемлекеттік кәсіпорны бағаны көтеру бойынша іс-әрекетін монополияға қарсы департаментпен келіспей, 1 кВт тоқ құнын 0,4 тенгеге өсірген. Осылайша заңсыз жолмен алынған табыстың жалпы көлемі 12,5 млн теңгені құрады. Осы деректі анықтаған өңірлік прокуратура аталған соманы халыққа қайтаруды міндеттеді. Сондай-ақ 1,2 млн айыппұл салды. Қазір Бейнеу ауданында электр қуатының бағасы төмендеді.

Алматы облысында сауда орталығын тонаған студент ұсталды. Күдіктіден ұялы телефондар, планшеттер мен қосалқы құрылғылар секілді заттай айғақтар алынған. Текелі қаласындағы сауда орталығында бутик жалдайтын кәсіпкерлер полицияға шағым түсірген. Жедел іздеу шараларының нәтижесінде колледжде оқитын 18 жастағы жігіт ұсталды. Ол бұған дейін де ұрлық жасап істі болған. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті Алматыда ұсталып, Текеліге жеткізілді. Қазіргі таңда бес дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Хабар 24 телеарнасы