387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда ана сәбиін 5 мың АҚШ долларына сатқан

  • 668
  • UPD: 14:02, 29.11.2018

Талдықорғандағы өз бастығын аңшы мылтығымен атып өлтірген экс-әскери қызметкерге қатысты сот үкімі шықты. Ол екі жылға бас бостандығынан айырылды. Атырауда жас босанған ана шаранасын 5 мың АҚШ долларына сатқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Малды құжатсыз тасыған 42 жүргізуші жазаланды

Алматы облысында мал мен мал етін еш құжатсыз тасыған 40-тан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүргізген «Мал ұрлаушы» жедел-алдын алу шарасы барысында барлығы 712 көлік тоқтатылған. Мал базарлары мен ет сататын сауда нүктелері де жіті тексеріліп жатыр. Өйткені осы шара өткен үш күннің ішінде облыс аумағында 8 мал ұрлығы болып, тәртіп сақшылары оның алтауының ізін суытпай ашты. Ұрланған 49 бас малдың 46-сы қожайындарына қайтарылды.

Серік Үпиев, облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:

- Сонымен қоса айтарлықтай материалдық шығын келтірудің бірнеше фактісі анықталды. Атап айтатын болсақ, Қызылағаш ауылынан 9 бас сиыр ұрлауға күдікті ретінде Ақсу ауданы тұрғыны ұсталды. Қолды болған сиырларды тауып, иесіне қайтару мүмкіндігі туды. Талғар ауданында биыл жазда болған 37 қой ұрлау фактісі ашылды. Күдікті қамауға алынды. Осындай жағдайлар Сарқан және Еңбекшіқазақ аудандарында да бар.

Торғайда екі балықшы иіс газынан уланып өлді

Қостанай облысында екі балықшы иіс газына уланып өлді. Торғайдан 30 шақырым жердегі Маусымбек қыстауының маңында балық аулап жүрген олар шатыр тігіп, ішіне газбен істейтін жылытқыш қосып, ұйықтап қалған. Көлікте түнеп шыққан үш досы таңертең олардың мәйтін тауып алды. Марқұм болғандардың бірі 64-те, ал екіншісі 44 жаста екен. Екеуі бір-бірімен туыс болып шықты. Осылайша айдың, күннің аманында абайсыздық салдарынан екі шаңырақ қара жамылды. Төтеншеліктер қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Қазір бұл іспен полиция қызметкерлері айналысып жатыр.

Адам саудасы қызып тұр

Атырау облысының тәртіп сақшылары жас босанған ананың өз шаранасын 5 мың АҚШ долларына сатқанын анықтады. Қазір осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл дерек Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан аумағында бір мезгілде өткен «SТOP трафик» арнайы операциясы барысында белгілі болды. Төрт күннің ішінде аталған төрт елдің аумағында адам саудасына қатысты 100 шақты дерек тіркелген. Соның 14-і Қазақстанда жасалған қылмыс. Арасында шыр етіп дүние есігін аша салысымен, сатылып кете барған шаранадан бастап, жастайынан басы саудаға түскен екі жеткіншек те бар. Ал қалғаны тағдырдың тәлкегіне ұшырап, мойнына құлдықтың қамытын киген ғаріптер мен жезөкшелікке қатысты деректер.   

Бастығын атып өлтірген әскери қызметкер сотталды

Талдықорғанда өз бастығын атып өлтірген Алматы облыстық Қорғаныс істері департаменті басшысының бұрынғы орынбасары екі жылға сотталды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең төмен мекемесінде өтейді. Естеріңізге сала кетейік, бұл жантүршігерлік оқиға биыл 31 наурызда болды. Алматы облыстық Қорғаныс істері департаменті басшысының орынбасары Асқар Оспанов сол күні таңғы сегіздер шамасында өзінің бастығы Бердібек Берістемовті 16 калибрлі аңшы мылтығымен атып тастады. Осылайша полковник шеніндегі әскери қызметкер өз кабинетінде жантәсілім етті. Талдықорған гарнизонының әскери соты Асқар Оспановты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 101-бабы 1-бөлігі бойынша айыпты деп таныды. Өйткені Оспанов бұл қылмысты жасаған кезде аффекті жағдайында болды делінуде. Ол тергеу барысы мен бұған дейін өткен сот отырыстарының бірінде бастығының өзін балағаттап, жеке құрамның алдында ар-намысын аяққа таптағанын, сол үшін шыдай алмай, осындай қадамға барғанын айтқан болатын. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жол апатынан 5 адам қаза тапты

Көршілес Ресей Федерациясының аумағындағы Орынбор – Соль-Илецк тас жолының 52 шақырымында жол апаты болды. Жүк таситын ауыр техника мен «Фольксваген» автокөлігінің соқтығысуы салдарынан 5 адам оқиға орнында көз жұмды. Екі жолаушы Соль-Илецк ауруханасына ауыр халде жеткізілген. Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, қаза тапқан және ауыр жарақат алған адамдардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. 

Хабар 24 телеарнасы