384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда 10-қабаттан құты лақтырған әйел сотталды

  • 570
  • UPD: 11:45, 05.12.2018

Алматы облысында 3 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды.

Олар осы уақытқа дейін қарақшылықпен айналысып келген. Ал Семейде оныншы қабаттан шыны құтыны лақтырып, баланы жарақаттаған әйел жарты жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматыдағы базардан өрт шықты

Алматыдағы әйгілі «Барахолка» базарынан тағы өрт шықты. Төтенше жағдайлар комитетінің ақпараты бойынша аталған базардың дүңгіршектерінің бірі өртке оранған. Тілсіз жау 150 шаршы метр аумақты шарпып, осылайша маңайдағы тоғыз дүңгіршекке зиян келген. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.

Алматыда ірі көлемде есірткі тәркіленді

Алматыда ірі көлемде есірткі саудалаған күдікті ұсталды. 1980 жылы туған азаматтың үйін тінту барысында жарты келіге жуық есірткі заттары тәркіленген. Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ұсталған жігіт есірткіні өз үйінде саудалап келген. Қазір аталған іске байланысты тергеп-тексеру амалдары басталып кетті.

10-қабаттан құты лақтырған әйел сотталды

Семейде 38 жастағы әйел екі литрлік құтыны 10-қабаттың балконынан лақтырғаны үшін сотталды. Оқиға өткен жылдың жазында орын алған. Шыны ыдыс төменде ойнап жүрген жас баланың басына құлап, қатты жарақаттаған. Ал кінәлі тұлға бұл әрекеттің әдейі істелмегенін, тек ыдыстағы жұмыртқаның қабығын түсіремін деп байқаусызда қолынан сырғып кеткенін айтып ақталды. Әйелдің сол сәтте ішімдік ішкені де сараптама қортындысымен дәлелденген. Сот оны 6 айға бас бостандығынан айырып, жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 500 мың теңге өндіру туралы шешім қабылдады.  

Мейірхан Сейілбаев, жәбірленушінің қорғаушысы:

- Құтының өз салмағы бар. Физика заңына сүйенсек, ол төмен құлдилдағанда тіпті ауырлай түседі. Яғни 10-қабаттан жерге түскенше, шамамен 30 метр биіктіктен баланың басына құлағанда жарақаттың қандай ауыр болатынын айтпаса да түсінікті.

Қылмыстық топ ұсталды

Алматы облысында қылмыстық топ ұсталды. Топ мүшелері бұрын сотталған. Олар 10 шақты рет ұрлық жасағандары үшін күдікті деп танылып отыр. Қылмыстардың көбісі Үштөбе қаласында жасалған. Ал ұрланған заттардың жалпы құны қазірдің өзінде 2 млн теңгеге жеткен. Қарақшылар Қаратал ауданында ұсталды. Тіпті, олар осы ауданның орталығында зейнеткер әйелге шабуыл жасап, бағалы заттарын қолды қылған көрінеді. Қазір аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Ақтауда «Жарқабақты жағалау» жолы жабылды

Ақтаудың көрнекті орындарының бірі саналатын «Жарқабақты жағалау» бағытындағы жол бірнеше күнге жабылды. Себебі, теңіз жағасындағы қураған қамыстың өртенуінен биыл төселген ағаш баспалдақтарға зиян келген. Қалпына келтіру жұмыстары екі күннен соң аяқталады. Ал қамыстың неден жанғаны әзірге белгісіз. Қасақана өртеген деген болжам да бар.

Айта кетейік, бұл жерге бейнебақылау жүйесі толық орнатылмаған. Бұған дейін де белгісіз біреулер теңіз бен жартасты бөліп тұрған ағаш қалқандарды сындырып кеткен болатын. Одан бөлек, қалада жарнама тақтайшаларын сындыру деректері де жиілеп барады. Мәселен, жыл басынан бері Ақтаудағы теңіз жағалауына орнатылған 19 жарнама қалқанының әйнегі сынған.

Хабар 24 телеарнасы