378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордада 3 апта бұрын жоғалған балықшылар табылмай жатыр

  • 558
  • UPD: 11:20, 09.01.2019

Қызылорда облысының құтқарушылары 3 аптадан бері Сырдария ауданының 2 тұрғынын іздестіріп жатыр.

Олар 17 желтоқсан күні балық аулауға шығып кеткен. Мамандардың айтуынша Қараөзек арнасындағы көпірден өтерде жүргізуші көлікті басқара алмай, өзенге құлаған. Мұз жарылып, көлік бір сәтте су астына батып кетеді. Құтқарушылар жасағы келіп өзектен техниканы алып шыққан. Бірақ балықшылар табылмай отыр. Су асты іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы өткен жылы аймақта осындай 7 оқиға орын алған. 

Көлік ішінен маралдың мүйізі табылды

Шығыс Қазақстанда маралдың мүйізін заңсыз тасымалдаған азамат ұсталды. Заңды белшесінен басқан күдікті Зайсан қаласында бұлтартпас айғақтармен қолға түскен. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік жасау барысында Toyota Сamry көлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде көліктің ішінен және багажынан маралдың мүйізін көрген.Осылайша жалпы 20-дан астам мүйіз тәркіленді. 28 жастағы көлік жүргізушісі оны қайдан алғанын айта алмаған. Сонымен қатар тиісті құжаттары да болмаған. Қазір оның үстінен ҚР Әкімшілік кодексінің 389 бабы 1 тармағы бойынша хаттама толтырылды.

Жолда қалған 55 адам құтқарылды

Алматы облысында ақтүтек боранда жолда қалған 55 адам құтқарылды. Қауіпсіз жерге шығарылғандардың арасында 15 бала болған. Оқиға Кербұлақ ауданында болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сәйкес қатты соққан желден облыстық маңыздағы «Сарыөзек-Көгалы» бағытындағы автожолды қар үріп тастаған. Салдарынан 22 автокөлік қар құрсауында қалды. Абырой болғанда адамдар аман. Құтқару жұмыстарына арнайы мамандар жұмылдырылған.

Үй тонағандар ұсталды

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында белгісіз біреулер жеке тұрғын үйді тонап кетті. Олар терезе арқылы кіріп, құны 3 миллион теңгенің алтын бұйымдарын жымқырған. Полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізіп, сол күні күдіктілерді Байзақ ауданында қолға түсірді. Тәртіп сақшылары Алматы-Ташкент бағытындағы жолда ВАЗ автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізген. Тінту кезінде ұрланған құнды бұйымдар мен 2 келі 670 грамм кептірілген марихуана табылды. Анықталғандай, көлікте 1992 жылы туылған Мойынқұм ауданының азаматы мен Тараз қаласының 30 және 34 жастағы тұрғындары болған. Олардың барлығы қамаққа алынып, қылмыстық іс қозғалды. Қазір жедел топ құрылып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Айта кету керек, өңірде өткен жылы пәтер ұрлығына қатысты 1345 дерек тіркелген. Ал оның ашылу көрсеткіші 42 процентті құрап отыр.

Етік үшін екі жылға сотталды

Қостанайда түзеу мекемесі басшысының орынбасары жазасын өтеушіден параға құны қырық мың теңге тұратын қысқы аяқ киім алған. Есесіне ол сотталушыға телефонмен сөйлесуіне қосымша уақыт бермекші болыпты. Сонымен қатар басқа да жеңілдіктер жасауға уәде еткен. Ақырында өзі қылмыс үстінде қолға түсіп, жазаға тартылды. Айыпты ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы бойынша 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.   

Жеңгетайлықпен айналысқандар құрықталды

Қостанай облысында адам тәнін саудалаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Тәртіп сақшылары жедел алдын алу шарасы барысында облыс орталығындағы күдік тудырған тай массаж салонын тексерген. Нәтижесінде ол жерде емдік емес, өзге қызмет түрі көрсетілетіні әшкереленді. Жеңіл жүрісті бикештер ордасын 30 және 35 жастағы Қостанай қаласының екі тұрғыны басқарып келген. Дәл осындай салондардың бірі Рудный қаласында жабылды. Жалпы былтыр өңірде жеңгетайлыққа қатысты 3 дерек тіркеліп, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері заң алдында жауапқа тартылған.

Хабар 24 телеарнасы