375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оқиғалар хроникасы. 11 қаңтар

  • 337
  • UPD: 10:53, 11.01.2019

Ақтауда 15 жастағы жасөспірім «креолин» ішіп ауруханаға түсті. Ол ветеринария саласында қолданылатын химиялық затты жұтып қойған. Сұйықтық жеткіншектің  ішкі ағзаларын күйдіріп жіберген.  Дәрігерлер оған жедел түрде операция жасады. Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Хирургиялық инфекция бөліміне ауыстырылып, ем қабылдап жатыр.

Қызылордада өрт салдарынан үш бала көз жұмды, екі ересек ауруханаға жатқызылды. 9 қаңтарда сағат 19:29-да өртке қарсы қызмет бөліміне «Наурыз» саяжайындағы жеке үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен.  Арнайы бригада оқиға орнына 15 минут шамасында жетіп, қызыл жалынды 10 минутта ауыздықтады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін жанып жатқан үйден 2011, 2012 және 2014 жылы туған үш бала шығарылған. Алайда түтінге тұншыққан балалардың екеуі оқиға орнында, ал біреуі жедел жәрдем көлігінде ауруханаға жетпей көз жұмды. Өрт сөндіруге облыстың төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 19 адам және 7 бірлік өрт сөндіру техникасы қатысты. Балаларды өрт ішінен алып шыққан екі туысы да түтінге улану фактісі бойынша, облыстық медицина орталығына жатқызылған.

Раушан Бақтыберлина, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Екі ересек облыстық медицина орталығына жатқызылды, біреуі үйге шығарылды, ем көрсетіліп. Біреуі қазіргі таңда облыстық медицина орталығының терапия бөлімінде ем қабылдауда, жағдайы орташа.

Асқар Төлешов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Полиция қызметкерлері де айтты ғой, қылмыстық іс қозғалды, сол тергеу ретінде бәрі анықталады. Біздің өрт техникалық зерттеу лабораториясының қызметкерлері басында жұмыс істеді. Қорытындысын шығарады, полиция қызметкерлеріне беріледі. Полиция қызметкерлері әрі қарай тергеу ретінде жұмыстарын істеп кінәлі анықталады.

Батыс Қазақстан облысында заңсыз есірткі айналымына қатысты 216 құқық бұзушылық дерегі анықталған. Соның 82-сі есірткі қылмыстары, яғни есірткі заттарын сатудың 40, аса ірі көлемде сақтаудың 17 фактісі тіркеліп отыр. Нашақорлардың 4 притоны әшкереленіп, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді  заңсыз өсірудің 18 фактісі белгілі болды. Сонымен қатар есірткі заттарын қолданған күйінде көлік тізгіндеген 188 жүргізуші де заң алдында жауап беретін болады.

Берік Жәнібек, облыстық ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:

- Жыл қорытындысы бойынша есірткі қылмыстарын жасаған 176 адам ұсталды, соның 41-і есірткі сатқандары үшін құрықталды. Заңсыз айналымнан 78 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.

Түркістан облысының полицейлері 70-ке жуық мал ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстады. Барымташы Бәйдібек ауданының аумағында жайылымда жүрген жылқыларды айдап әкетіп отырған. Өткен жылдың наурыз айында аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғын келіп, өзінің 30 жылқысын белгісіз біреудің ұрлап кеткені жайында хабар берген. Одан кейін дәл осындай жағдаймен бірнеше тұрғын арызданыпты. Ағымдағы жылдың басында жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс орталығында қылмыстық полиция қызметкерлері осы іске күдікті ретінде Түркістан қаласының тұрғынын қамауға алды. Тергеу нәтижесінде қолға түскен күдіктінің Бәйдік ауданында болған 4 мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды.

Салтанат Қаракөзова, Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы:

- Олар 70 басқа жуық жылқы ұрлаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 30 млн теңгеден асады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бірнеше айғақты заттар алынды. Жылқылар өз иелеріне қайтарылды.

Хабар 24 телеарнасы