389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңаөзенде көліктің өртінен ер адам ауруханаға түсті

  • 643
  • UPD: 11:40, 14.01.2019

Жаңаөзен қаласында автокөлік жарылды. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды он минуттың ішінде ауыздықтады. Салдарынан күйік шалған 1987 жылы туған азамат ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы тұрақты. Жарылыстың себебі анықталып жатыр.

Петропавлдық полицейлер такси жүргізушілеріне қатысты материал жинақтап жатыр. Осыдан бірнеше күн бұрын 26 жастағы Бескөл ауылының тұрғыны ұялы телефон қосымшасы арқылы тапсырыс алып, жолаушыны діттеген жеріне жеткізген. Алайда клиент жолақысын төлеуден бас тартқан. Соның салдарынан такси жүргізушісі оны жасыл дәрімен (Зеленка) бетін жууға мәжбүрліген. Бұл видео қазір әлеуметтік желіде тез таралып, көптің наразылығын тудырды. Тәртіп сақшылары бұзақылық жасағандарды іздеп тапты. Енді олар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Павлодар қаласындағы Геринг көшесінде жылу құбыры жарылды. Апат таңғы сағат 9-кезінде орын алған. Соның салдарынан шахарда 7 көп қабатты тұрғын үй мен жеке секторда орналасқан 50-ден астам баспана жылусыз қалды. Оқиға орнына жеткен мамандар кешке дейін олқылықтың орнын толтырды.

Атырау қаласында тал-түсте тұрғын-үй кешеніндегі пәтерге баса-көктеп кіріп пәтер тонаған ұрылар ұсталды. Екі еркек және бір әйелден құралған қылмыстық топ мүшелері үй иесі әйелдің аяғы ауыр екендігіне қарамастан қол-аяғын байлап, аузын тұмшалап тастаған. Бейне бақылау камераларының арқасында тәртіп сақшылары ұрыларды ізін-суытпай қолға түсірді. Ал пәтер тонаушылардың ол үйде жүкті әйелдің жалғыз және қанша ақша бар екендігі туралы ақпаратты қайдан алғаны әзірге белгісіз. Қазір бұл мәселемен құзырылы орган өкілдері айналысып жатыр. 

Назымгүл Қайсағалиева, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- «Томирис» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің біріне белгісіз адамдар кіріп, 1983 жылы туылған азаматшаны ашық түрде күш көрсету арқылы қол-аяғын байлап 23 млн теңге қаражатын және бағалы бұйымдарын алып кеткен. Жедел іс-шаралар кезінде 3 тұлға ұсталып, айғақ заттар тәркіленді.Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 192-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі теггеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Алмыты облысына қарасты Жаркент қаласындағы көпсалалы колледжде оқушыларды соққыға шыққан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыстан босатылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазда ашуға булыққан мұғалім жасөспірімдерді аяусыз ұрып жатқандығы көрініс тапты. Мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия да құрылған. Қазіргі таңда ҚР қылмыстық кодексінің 140 бабына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Таразда қызметтік көлікпен мас күйінде жол көлік оқиғасын жасаған полиция подполковнигі қызметінен босатылды. Жуырда әлеуметтік желілерде тәртіп сақшысының қатысумен болған жол көлік оқиғасы туралы бейнетүсірілім тарап кеткен еді. Облыстық полиция департаменті берген мәлімет бойынша бірнеше күн бойы қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілді. Қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Уалихан Сексенбаев жұмысынан шығарылды. Сондай-ақ, оның тікелей басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Хабар 24 телеарнасы