388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көз жұмған инспектордың жақындары тергеудің әділ өтуін талап етуде

  • 773
  • UPD: 20:45, 21.01.2019

«Охотзоопром» мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деген үш күдікті қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үшеуі де Қызылордада ұсталған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қазір олар уақытша ұстау изоляторында отыр.

Үш күн іздеуде болған күдіктілердің барлығы да арнайы операцияның нәтижесінде Қызылорда қаласындағы жер үйлердің бірінде ұсталды. Осыған дейін екі инспекторға шабуыл жасады деген күдікпен тағы 4 адамның қамауға алынғаны хабарланған болатын. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Алмас Садубаев, ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры:

- Бүгін полиция қызметкерлерінің арнайы жүргізген операциясы нәтижесінде «Охотзоопром» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиевті қызметтік міндетін атқару кезінде өлтірген үш күдікті ұсталды. Олар Қызылорда қаласындағы жеке үйлердің біріне бой тасалаған. Қазіргі уақытта айғақтарды жинауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Үш күдікті де Уақытша оқшаулау орнына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Ал ерлікпен көз жұмған Ерлан Нұрғалиевтің Астанада достары тілшілерге сұхбат берді. Олар тергеудің әділ өтуін талап етуде. Және инспектордың өліміне кінәлі адамдардың жауапкершіліктен сытылып кетпеуін қадағалауды сұрап отыр. Сондай-ақ, марқұмның жақындары ресми органдардың қылмыстық іске қатысы бар ақпаратты дер кезінде жариялап отыруын да өтінді.

Болат Хамитов, Е.Нұрғалиевтің сыныптасы:

3 адам емес 7 адам болған. Осының барлығын әділдікпен жеткізгіміз келеді. Мен сөйлеп тұрған сөзім – жолдастарының атынан, артындағы бауырлары, бірге өскен жолдастары, бүкіл халықтың атынан келіп тұрмын. Халықтың атынан өтінемін де әділдікті., Ауыл шаруашылығы министрінен, Ішкі істер министрінен әділ тексерсін деп өтінеміз. Әділдікке жетсек екен дейміз.

Олардың күдікке бой алдыруы бекер емес. Мәселен, соңғы 3 жылда елімізде браконьерлікке қатысты қозғалған 10 істің біреуінде ғана, киікке емес, кісіге қару жұмсаған дала қарақшылары сотталып, ал қалған істің бәрінде браконьерлер жеңіл жазамен құтылыпты. Сондықтан  марқұмның әріптестері тиісті заңды қатаңдатуды сұрап отыр.

Ерзат Әлзақов, «Охотзоопром» РМК бас директоры:

- Былтыр ОҚО-да инспекторымызға 2 адам шабуыл жасап, екеуі мылтық қолданып, суға батырған, соған қарамастан біздің инспектор қару қолданып, жауапқа тартылды. Мен осы күнге дейін айтамын, оның түк кінәсі жоқ. Мен оны прокуратура саласына да, Бас прокурордың атына да, Жоғарғы соттың төрағасына да жаздым. Заң жағынан қараңыздар, оның кінәсі жоқ, бұл жігітті ақтау керек деп. Соған қарамастан, сол жігіт жауапқа тартылды.

Қорықшыларға қол байлау болып отырған мәселенің бірі – қару қолдану тәртібі. Мәселен, заңда инспекторларға оқ атуға рұқсат етілген. Яғни, өміріне қауіп төнгенде, өзін өзі қорғау үшін ғана. Соның өзінде, алдымен браконьер қару кезену керек екен.

Ерзат Әлзақов, «Охотзоопром» РМК бас директоры:

- Заң талабында біздің инспекторларға қару қолдануға құқығы бар. Бірақ көп инспектор соны қолдануға қорқады. Себебі, ертең қару қолданғанға баға беріледі Прокуратура саласынан. Баға берілгенде заңды қолданды ма деген сұрақ туады. Көп жағдайда біздің инспекторларды кінәлі деп табады. Осы жағдайды заң жағынан қайта қаралып, инспекторлардың қару қолдану құқығын көбейту керек деймін.

Заңға өзгеріс енгізіліп, құқықтық мәртебелері қайта қаралғанша инспекторлар бұрынғы талап бойынша жұмыс істей бермек. Ал, Ерлан Нұрғалиевтің жерлестері марқұмға «Халық қаһарманы» дәрежесін беруді сұрап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, марқұмды «Ерлік үшін» мемлекеттік наградасына ұсынған болатын.

Хабар 24 телеарнасы