378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында учаскелік инспектор көлік апатына себепкер болды

  • 356
  • UPD: 10:33, 22.01.2019

Түркістан облысында тәртіп сақшысы қызметтік көлігімен жолдың қарсы бетіне шығып, жеңіл көлікті соқты.

Маңғыстау өңірінде жол ережесін сақтамаған 563 автобус жүргізушісіне айыппұл салынса, Алматыда букмекер кеңсесіне шабуыл жасалды.

Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында учаскелік инспектор қызметтік көлігімен жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жеңіл автокөлікпен соқтығысқан. Бұл туралы ақпарды ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Сәдубаев та растап отыр. Бір қуантарлығы, жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Осыған байланысты қазір ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Медициналық сараптама актісінің қорытындысына сәйкес полицей ішімдік ішпеген. «Қосымша сараптамалар да тағайындалды. Бұған қоса аталған оқиға бойынша Түркістан облыстық Полиция департаменті қызметтік тексеру жүргізіп жатыр», – деді ІІМ ресми өкілі.

Шекарадағы кептеліс

Батыс Қазақстан облысының «Сырым» шекара бекетінде тағы да жүк көліктерінің кептелісі пайда болды. Сол себепті жүргізушілердің Орал-Самара трассасында сағаттап тұруына тура келді. Мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының айтуынша, бұған боранды бұрқасын мен көктайғақ себеп болған. Ал күн ашылған кезде олардың барлығы бір мезетте шекара бекетін бетке алып, нәтижесінде осындай ұзақ-сонар кезек пайда болды. Сонымен қатар Озинки бағытындағы жолда жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жүк көліктерінің барлығы Самара тас жолы арқылы қатынауға көшкен.

Айта кету керек, Сырым бекеті арқылы тәулігіне 700-те жуық жүк көлігі өтеді.

500-ден астам қоғамдық көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

Ал Маңғыстау облысында жол жүру ережесін бұзған 563 қоғамдық көлік жүргізушісі жауапқа тартылды. Бұл туралы өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Облыс аумағында өткен үш күндік рейд аясында заңсыз адам тасыған 67 автобус және такси жүргізушісі анықталды. Қоғамдық көлік тізгінінде отырып, ұялы телефонмен сөйлескен 143 адамға хаттама толтырылды. Сондай-ақ рейсалды тексеруге немқұрайлық танытқан екі автобус паркінің иелері де айыппұл төлейтін болды.

Күзетші соққыға жығылды

Алматыда белгісіз үшеу букмекерлік кеңсеге басып кіріп, күзетшіні соққыға жыққан. Оқиға шаһардағы Абай мен Саин көшелерінің қиылысындағы букмекерлік кеңседе болған. Facebook әлеуметтік желісінде таралған бейнетүсірілімде мекемеге бетперде киген үшеу кіргені көрінеді. Оның бірі түпкі бөлмеге қарай өтіп кетсе, қалған екеуі алаңсыз телефон қарап отырған күзетшіні жұдырықтың астына алған. Бұл туралы мәліметті қалалық Полиция департаменті де растап отыр. Қазір аталған деректі «Әуезов аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркеліп, арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Баспасөз қызметі мамандарының хабарлауынша, қазір қылмысты әшкерелеуге бағытталған кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.  

Жолаушылар автобусы қоршауға соғылды

Қостанайда жолаушылар автобусы мектеп қоршауына соғылды. Апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Белгілі болғандай, қарсы бағытта келе жатып солға бұрылған Hyundai көлігімен соқтығыспауға тырысқан автобус жүргізушісі оқу ордасының тас қоршауын бұзуға мәжбүр болған.    

Ирина Беженарь, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы: 

- Қазіргі уақытта полицейлермен ақ түсті Hyundai маркалы көлік және куәгерлер іздестіріліп жатыр. Жол-көлік апатына кінәлі тарап анықталғанда оған әкімшілік жауапкершілік тағайындалады. Келтірілген шығын көлемі анықталу үстінде.

Монша өртеніп, бір адам көз жұмды

Атырауда жекеменшік тұрғын үйдің ауласындағы монша өртеніп, оқиға орнында 52 жастағы әйел адам көз жұмған. Оны құтқармаққа ұмтылған азаматтың беті мен аяқ-қолын күйік шалып, облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір өрттің неден шыққаны және келген шығын көлемі анықталып жатыр. Жалпы былтыр өрт салдарынан 15 тұрғынның өмірі қиылса, ал биыл жыл басталмай жатып, 2 адам қаза тапты. Сонымен қатар бір адам ыстан уланып, көз жұмған.

Хабар 24 телеарнасы