378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда жас жігіт қызғаныштан қызын өлтіріп, көміп тастаған

  • 335
  • UPD: 13:34, 28.01.2019
Алматыда жас жігіт қызғаныштан қызын өлтіріп, көміп тастаған Казинформ

Алматыда бір апта бұрын із-түзсіз жоғалған бойжеткен зорлық-зомбылықпен өлтірілгені анықталды.

Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 1999 жылы туған Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны В.Погребняктың із-түзсіз жоғалғаны жайлы ақпарат полицияға 25 қаңтарда түскен.

«Тергеу шеңберінде тергеу-жедел тобы қыздың қайда екенін анықтауға бағытталған бірқатар шара өткізді. Сонымен қатар, В.Погребняктың жоғалғанға дейін қасында болған досы - 2000 жылы туған азамат Б.-дан жауап алынды. Оның жауабы өзге мәліметтермен сәйкес келмеді», – делінген Полиция департаментінің мәліметінде. Анықталғандай, қыздың жоғалуына азамат Б.-ның қатысы бар болып шыққан. Ол тергеу барысында бойжеткенді өлтіргенін мойындап, оның денесін жасырған орынды көрсеткен.

«Белгілі болғандай, Б. өзінің жүріп жүрген қызын, өздері тұратын ауылдың жанында өлтірген. Себеп - қызғанышта. Б.-ның жауабына сүйенсек, ауылдан шыға берісте олардың арасында ұрыс болған. Салдарынан ол Валерияны өлтірген. Қылмыс ізін жасыру үшін жас жігіт қыздың денесін көміп тастаған. Өзінің қылмыстық пиғылын жалғастырып, Валерияның ата-анасына өтірік айтқан. Яғни, Валерия қалаға апарып тастауын өтініп, кейін еш себепсіз кетіп қалғаны туралы ата-анасына жалған ақпарат берген», – делінген хабарламада. Әуезов ауданының полиция басқармасы бұған дейін қозғалған істі «Адам өлтіру» бабына қайта өзгертті. Күдікті жігіт қамауға алынды.

Хабар 24 телеарнасы