375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде миына қан құйылған өзбекстандық келіншекке күрделі операция жасалды

  • 299
  • UPD: 14:39, 29.01.2019

Ақтөбедегі туыстарына қыдырып келген өзбекстандық келіншектің миына қан құйылып, комаға түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жедел жәрдем қызметі уақытылы жетіп, науқасты облыстық аурухананың нейрохирургия бөліміне жеткізді. Дәрігерлер дереу операция жасау керек деген шешім қабылдаған.

Жасы қырықтан енді асқан Райса аяқ астынан аурухана түсті. Есінен танып құлаған келіншектің қан тамырлары үзіліп кеткен. Операция екі сағатқа созылып, мидан ұйыған қан алынды. Ауыр операциядан кейін біраз күн жансақтау бөлімінде жатқан. Қазір емдеу палатасына шығарылды. Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында тұратын ол Ақтөбеге жиі қыдырып келеді екен.

Райса Өмірханова, емделуші:

- Жедел жәрдем бірден алып кетті де, осы жерге алып келді. Рахмет, аяқ астынан құтқарып қалды. Қолым тартатын еді, басым ауыратын еді. Өтіп кетеді ғой деп жүре бердім. Дәрі де ішпедім. Негізі дәрі ішіп, қаралып жүру керек екен.

Райсаға операция жасаған нейрохирург Мақсат Оразжановтың айтуынша, дәл осы диагноздан өлім көрсеткіші бұрын 70% болса, қазір 30% азайған. Себебі, соңғы 5 жылда ақтөбелік дәрігерлер шұғыл операцияларды өздері жасап жүр. Бұған дейін Алматы мен Астанадағы медициналық орталықтарға жіберілетін.

Мақсат Оразжанов, облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл кісі ауыр жағдайда түсті, кома жағдайында. Артерия венозды тамыры жарылып, миына қан кеткен. Операция уақытылы жасалмаса, жаңағы қан құйылып түскен науқастардың өлімі көбейеді, 100% дейін. Қан тамыры жарылмай түскен кезде эндоскопиялық хирургия бар бізде артерияға эмболизация жасайды. Ол кезде ауру өлімі азаяды.

Нейрохирургия - өте күрделі сала. Миға, жұлынға, қан-тамырларына операция жасайтын дәрігерлердің білікті болуы маңызды. Тағы бір айта кететін жәйт, қазір дәрігерлер қағазбастылықтан арылды. Былтырдан бері сырқат туралы ақпарат электронды түрде дайындалады.

Мақсұт Еркебаев, жетекші нейрохирург:

Электронды ауру тарихы бізге соңғы кезде бізге ыңғайлы болып келе жатыр. Овисена бағдарламасы бойынша науқастарды кезекші дәрігер қабылдап алғасын, барлық мәлімет, анамезі бәрі жазылып тұрады. Біз қайта ашып ештене іздемейміз. Барлығы компьютерде тұрады.

Облыстық жедел жәрдем ауруханасының нейрохируг дәрігерлері өткен жылы 62 адамның қан тамырына күрделі операция жасалған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы