378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда теріс ағымдағыларға үкім шықты

  • 270
  • UPD: 15:19, 31.01.2019

Қарағандыда террорлық әрекетке бармақ болған екі азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Ал Ақтөбеде жасөспірімді өзінің қатарласы пышақтап тастаған. Қызылордада соңғы 2 тәулікте 50 жолаушы қар құрсауынан құтқарылды.

Қарағандыда террорлық әрекетке бармақ болған 29 жастағы Дмитрий Штукарь мен 20 жастағы Мұқанбетәлі Ошыбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Олардың бірі – 10 жылға, ал екіншісі 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс облыс орталығындағы қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот материалдарына сүйенсек, лаңкестің топ басшысы 2015 жылдан бері ислам дінінің дәстүрлі емес ағымын насихаттап келген. Сол кезден бері террорлық топ құрып, қарулы жиһад жасау мақсатында таныстарын үгіттеп жүрген. 2017 жылы ол қазір өзімен бірге сот жауапкершілігіне тартылған 20 жастағы серігімен сыбайластық орнатып, қара пиғылын іске асырмақ болған. Алайда бұл ниеттері жүзеге аспай тұрып ұсталды. Сот бүгін осы іске қатысты үкім шығарды.

Бекзат Шалғымбаев, судья:

- Штукарь Дмитрий Михайлович ҚР Қылмыстық кодексінің 257-бабы 1-бөлімі, 256-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ошыбаев Мұқанбетәлі Нұрланұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 257 және 256-баптарының 2-бөлімдері бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазаны өтеу мерзімдері ұсталған күнінен, яғни 2018 жылдың 18 шілдесінен бастап есепке алынсын. 

Дельфуза Келімбетова, қорғаушы:

- Біз бұл үкіммен келіспейміз. Апелляцияға береміз. Себебі олардан ешқандай қару, басқа да айғақты заттар алынған жоқ қой. Мұндайда негізінен сот сараптамалары есепке алынуы керек.

Ақтөбеде жасөспірім қатарласын пышақтап тастаған

Ал Ақтөбе қаласында 17 жастағы жасөспірім жанжалдасып қалған өзінің қатарласын көшеде пышақтап тастаған. Абырой болғанда, жарақат алған азамат аман қалды, қазір ауруханада ем алып жатыр. Тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай, қандықол қарақшыны қолға түсірді. Ол – жергілікті колледждердің бірінде оқитын студент. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Қылмыстық топ ұсталды

Алматы облысында көлік тонап келген қылмыстық топ ұсталды. Олар осы өңірдегі үш кент пен Қаскелең қаласында 12 автокөліктің аккумуляторын шешіп әкеткен. «Ұрылардың басқа да іске қатысы болуы мүмкін», – дейді тәртіп сақшылары. Қолға түскен үш азаматтың бірі кәмелет жасқа толмаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.  

Қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды

Қызылорда облысында соңғы екі күнде 50-ден астам жолаушы мен 52 автокөлік құтқарылды. Олар республикалық маңыздағы Қызылорда-Павлодар-Успенко тасжолының 204 шақырымында қар құрсауында қалып қойған. Құтқару шараларының алғашқы күні 27 темір тұлпар мен 41 адамға құтқарушылар мен полиция қызметкерлері көмек берген. «Оларды қар құрсауынан алып шығу үшін 4 қар тазалайтын және 2 жолаушылар тасуға арналған жол талғамайтын техникалар жұмылдырылды», – дейді мамандар. Ал бүгін Қызылорда қаласында жаңбыр жауып, қала көшелері көктайғаққа айналды.

Бақыт Ембергенов, ҚР ТЖМ «Оңтүстік өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы:

- Қазіргі таңда СМС хабарламалар беріліп жатыр, М-32 тасжолы, Байқоңыр қаласынан Қызылорда қаласына дейін жабық, өйткені күннің жаңбыр жаууына байланысты және суытуына байланысты көктайғақ болып жатыр және Қызылорда – Жезқазған бағытындағы автожол қазіргі таңда жабық.

Хабар 24 телеарнасы