377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда жұқпалы аурудың асқынуынан 2 сәби қайтыс болды

  • 383
  • UPD: 14:35, 04.02.2019

Атырау облыстық жұқпалы ауруларды емдеу мекемесінде екі қыз бала – екі жастағы бүлдіршін мен екі айлық бөбек, бір күнде көз жұмды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлауынша, олардың қазасына жұқпалы аурулардың асқынуы себеп болған. Екі айлық сәби ауруханаға іріңді менингоэнцефалиттің ауыр түрімен түскен. Дәрігерлер бөбектің өмірі үшін 6 күн күрескенімен, ажалдан арашалай алмады. Ал екі жасар екінші қыз сепсистан, яғни инфекция қоздырғыштарының қанға араласуынан қайтыс болыпты.

Орал қаласында полицияның жедел қимыл жасағы есірткі сатушыны қолға түсірді. Шаһар орталығындағы сауда үйінің маңындағы бұл бейнекөріністі сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі камераға түсіріпті. Кейіннен құқық қорғау органдары осы оқиғаға байланысты түсінік берді. Ресми ақпарат көздерінің хабарлауынша ұсталған күдіктіден 60 грамм марихуана табылған. Қылмыстық кодекстің 297-бабы, яғни есірткі заттарын заңсыз сақтап, тасымалдау және өткізу бойынша тергеуалды амалдары жүруде. 

Қарағанды облысында құтқарушылар адасқан тұрғындарды тапты

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында ауыл тұрғыны боранды күні мал қараймын деп жүріп өзі адасып кеткен. Ал Ұлытау ауданында қыстақтан ауылға трактормен шыққан жергілікті азамат ауа райының қолайсыздығынан бағыттан жаңылған. Оларды іздеу операциясы сәтті аяқталды. Жедел атқа қонған құтқарушылар мен еріктілер екеуін де бірнеше сағат ішінде құтқарып алды. Табылған тұрғындар медициналық көмекке зәру болған жоқ.

Жамбыл облысында жол апатынан 3 адам зардап шекті

Жамбыл облысының аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолында ауа райының қолайсыздығынан автокөліктер жаппай соқтығысқан. Абырой болғанда, адам өлімі жоқ. Бір бағытқа бара жатқан 7 көліктің бір-біріне түйісуіне сол күнгі тұманмен қатар, жүргізушілердің жол жүру ережесін бұзуы, яғни жылдамдық пен арақашықтықты сақтамауы себеп болған. Соның салдарынан 3 адам жарақат алып, ауруханаға түскен, қираған көліктер айып тұрағына жеткізілген. Қазір кінәлілер мен келген шығын көлемі анықталып жатыр. 

Оралда ізшіл ит жоғалған баланы тапты

Орал қаласында Кармэн атты ізшіл ит жоғалған баланы тапты. Балдырғанның атасы аулада жүрген 5 жасар немересінен кешке таман көз жазып қалған. Ойнап жүріп, үйінен ұзап кеткен бала бағыттан жаңылған соң жылап жүре берген. Бұл туралы Ұлттық Ұланның патрульдік қызметіне тиісті хабарлама келіп түскен соң, Солтүстік-шығыс мөлтек ауданында жүрген топ көмекке келеді. Олар небәрі жарты сағаттың ішінде адасқан баланы тауып, ата-анасына қауыштырды.

Қазбек Таңсықов, 5517 әскери бөлімінің рота командирінің орынбасары:

- 5 жасар бала жоғалып қалды деп бағдарлау түсті. Ата-анасы сол бес жасар баланың киімін алып итке иіскетіп және «Кармэн» атты ит киімнің иісімен баланы №34 мектептің ауласында жылап жатқан жерінен тауып алды. Және тауып ата-анасына аман-есен жеткізді.

Алматыда жол апатынан 6 адам зардап шекті   

Алматы қаласында Төле би мен Ахмет Байтұрсынов көшелерінің қиылысында Audi Q7  және Toyota Camry көліктері қақтығысқан. Audi автомобилінің жүргізушісі қарсы келген көліктен қашамын деп Toyota көлігімен соқтығысыпты. Апаттың салдарынан Тойота тротуарға шығып кетсе, оны соққан «Ауди» аударылып қалды. Екі көліктегі жол көлік оқиғасынан жарақат алған алты адамды жедел жәрдем қызметі әкеткен.

Хабар 24 телеарнасы