377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда зейнеткердің телефонын тартып алған бұзақы ұсталды

  • 229
  • UPD: 09:50, 07.02.2019
Оралда зейнеткердің телефонын тартып алған бұзақы ұсталды

Орал қаласында «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша 400-ден астам бейнебақылау құралдары орнатылған. Соның арқасында былтыр 16 мыңдай әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 88 қылмыс ашылған.

Гагарин көшесі 99-үйдің ауласында 74 жасар зейнеткердің телефонын тартып әкеткен күдікті де камераның көмегімен қолға түсті. 38 жастағы бұзақы оқшаулау орнына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Әлия Наурызғалиева, облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі:

- Бейнебақылау камераларына қарап, жаңағы күдіктінің түр-тұлғасы анықталып сол күні кезекшілікте болған қызметкерлерге ақпарат берілді. Соның нәтижесінде Орал қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальон қызметкерлері күдіктіні анықтап ұстады.

Қостанай облысында жеті адамды үсік шалды 

Қостанай облысында қыс қаһарына мінді. Өңірде үсік шалған 7 жан дәрігерлердің жәрдеміне жүгінген. Облыс орталығында бір тұрғынның аяқ-қолын I және II деңгейлі үсік шалған. Ал Рудныйда 4 адам сарышұнақ аяздан зардап шеккенімен, олар ауруханаға жатудан бас тартқан. Жолда көлігі сынған Ұзынкөл ауданының тұрғыны облыстық ауруханаға жатқызылыпты.  Затобол ауылында мас күйінде далада қалған тағы бір адам Қостанай аудандық орталық ауруханасына жеткізіліпті.

Оралда жүргізушінің абайсыздығынан өрт шыға жаздады

Оралда жанармай құю стансаларының бірі отқа орана жаздады. Оттың неден тұтанғаны әзірге белгісіз, бірақ бейнежазбаға түсіп қалғандай, жүргізуші бензобактың аузына жақындаған сәтте жалын тілі лап ете қалады. Дереу қимылдаған жүргізуші көлігін қауіпсіз жерге әкетеді. Артынша май құю бекетінің қызметкерлері өртті өшіріп алады. Кейін осы мәселеге байланысты жергілікті басылымдарға түсінік берген жеке кәсіпорын басшысы өрттің  жүргізушінің абайсыздығынан шыққанын, көлік иесіне де, мекемеге де ешқандай шығын келмегенін растады.

Алматы облысында көлік апатынан бір адам көз жұмды

Алматы-Бішкек тас жолында көлік апатынан бір адам көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы түнгі мезгілде болған. Бішкекке бет алған «Honda Odyssey» мен Volkswagen Golf  көлігі бетпе-бет түйіскен. Қатты соққыдан екі автомобиль екі жаққа ұшып кеткен. «Honda» көлігі жолдың жанындағы ылдиға барып қадалса, екінші машина жол жиегіндегі ағашқа барып соғылған. Жол апаты салдарынан тағы екі адам жарақат алды.

Өскеменде патрульдік полиция көлігі қаққан тұрғын кеше ауруханада қайтыс болды. Дәрігерлер ауыр жарақат алған жанды ажалдан арашалай алмады. Оқиға 5 ақпан күні болған еді. Стаханов және Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан егде әйелді Уаз автомобилі қағып кетеді. Қызметтік көлік Глубокое аудандық полиция бөліміне тиесілі болып шыққан. Аталған оқиғаға орай, ҚК 345 бабы, 2-ші бөлімі  бойынша іс қозғалса,  енді тергеу амалдары осы баптың 3-ші бөлімі бойынша жүргізілуде.

Хабар 24 телеарнасы