375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда шекара тәртібін бұзған шетел азаматтары ұсталды

  • 213
  • UPD: 15:25, 12.02.2019

Алматы облысында көлік апатынан үш адам қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондай-ақ Алматы әуежайында шекара тәртібін бұзған шетел азаматтары ұсталып, Ақмола облысында экс-ауыл әкімі істі болды.

Алматы облысында көлік апатының кесірінен үш адам қайтыс болды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қайғылы жағдай Талғар ауданындағы Панфилов ауылының маңында болған. Куәгерлердің түсірген видеоларында үш жеңіл және бір жүк көлігінің соқтығысып, күре жолдың бойында көлік кептелісінің күшейгені байқалып тұр. Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Серік Үпиев, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі:

- Қазір осы факт бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазір алдын ала болжам бойынша, кінәлі деп танылған бір жүргізуші уақытша изоляторға қамауға алынды.

Шекара тәртібін бұзған шетел азаматтары ұсталды

Алматы халықаралық әуежайында шекара тәртібін бұзған Түркия Республикасының азаматы ұсталды. Бұл туралы еліміздің Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады. Ыстамбұл-Алматы бағытымен ұшып келген шетелдік азамат бақылау бекетіндегі шекарашыларға туған ағасының төлқұжатын көрсеткен. Түркиялық азамат мемлекеттік шекараны бұзу себебін әскери борышын өтеуден бой тасалап, Қазақстанда жасырынып жүрмекші болғанын айтқан. Сондай-ақ осы айдың ішінде Алматы әуежайының шекарашылары жалған төлқұжатпен елге кірмекші болған Ирак және Ауғанстан азаматтарын құрықтаған.

Жемқорлықпен күресуші – парақор

Қостанайда облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро департаментінің аса маңызды істер бойынша жедел басқармасының офицері ұсталды. Асқар Жанәлинов қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікке ілінді. Ол ірі көлемде пара алмақ болған.

Зәуре Едікова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

- Офицерге қатысты екі айға «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы туралы өтініш қанағаттандырылды. Қылмыстық заң бабының санкциясына сәйкес күдікті 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, өмір бойы осындай лауазымда жұмыс атқара алмайды. 

Ауылдасының өліміне себепші болған экс-әкім сотталды

Ақмола облысында өз ауылдасының өліміне себепші болған экс-әкім 8 жылға сотталды. Ол Атбасар ауданына қарасты Курское ауылында әкім болып жүрген кезде 49 жастағы жерлесін соққыға жыққан деп айыпталып отыр. Себебі, 2018 жылдың наурыз айында ауыр дене жарақатынан көз жұмған Жамышев дәл сол күні мас күйінде рөлге отырған жергілікті әкімнің көлігінен қан-жоса күйінде түсіп қалған. Ал оны өзі секіріп кетті деп ақталмақ болған экс-әкімнің сылтауы шындыққа жанаспады. Осылайша экс-әкім Рагозный 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Хабар 24 телеарнасы