378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теңіз кенішінде жұмысшылар астан уланды

  • 245
  • UPD: 15:39, 12.02.2019

Атырау облысы Теңіз кен алаңында астан уланып қалған жұмысшылардың өміріне қауіп жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше кешкісін Құлсары қаласындағы орталық ауруханаға жеткізілген науқастардың барлығы дерлік өздерін жақсы сезінеді. 13 науқас ем алатын болды. Тағы тоғызы жұмысшылар жатаханасында уақытша оқшаулануда. Қалған төртеуі әзірге аудандық аурухананың жұқпалы ауруларға арналған бөлімшесінде дәрігерлер бақылауында жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жұмысшылардың барлығы Теңіз кен алаңында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Юлмар Сервис» компаниясында еңбек етеді. Кеше кешкі астан соң 25 жұмысшы бірдей ауырып дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Амантай Жұмағалиев, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:

- Бұлар тамақтан уланды деген күдікпен келген. Бірақ тамақтан улану зертханалық нәтижемен расталмай тұр. Себебі тамақпен байланысты, бірақ жұқпалы ауру емес боп шығып тұр. Бүгін қалған төртеуі де ауруханадан шығарылады.

Жалпы, 40 мыңнан астам жан жұмыс істеп жатқан Теңіз кен алаңындағы астан улану дерегі жыл сайын қайталанып келеді. Сол себепті облыстың санитар-дәрігерлері Теңіз кенішінен  санитарлық бақылау бөлімшесін ашатын мезгіл жетті дегенді айтады.

Хабар 24 телеарнасы