378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ТЖД: Астанада өртенген ғимараттың құлау қаупі бар

  • 277
  • UPD: 07:39, 14.02.2019

Астанада құрылыс компаниясының кеңсесі өртенді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдайлар комитеті ресми өкілінің хабарлауынша, құтқарушылар оқиға орнына 5 минутта жеткен. Қызыл жалын әп-сәтте нысанды күлге айналдырды. Ал отқа оранған ғимараттың маңында көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатқан болатын.

Кешкі сағат 21.11-де Астана қаласының өрт сөндіру қызметінің кезекші бөліміне Сарыарқа көшесінің бойындағы құрылыс компаниясының кеңсе ғимараты өртеніп жатқаны жөнінде хабар келіп түскен. Өрт сөндірушілер тобы қызыл жалынды ауыздықтау үшін дереу жолға шыққан.

Айнұр Ақылбайқызы, тілші:

– Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметтің мәліметі бойынша кешендегі өрт үшінші санатқа жатқызылады. Қызыл жалын шамамен 1200 шаршы метрге шарпыған.

Нұрсұлтан Нұрахмет, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:

– Алдын ала болжам бойынша зардап шеккендер және қаза тапқандар жоқ. Қазір өрттің себебін анықтап айту қиын. Алдағы уақытта арнайы зертханалық жұмыстар жасалады. Тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін толық мәлімет бере аламыз.

Ал төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, күзетші ғимаратты кешкі сағат 7 кезінде тексеріп өткен. Ол кезде кеңсе қызметкері ешбір өрт белгілерін байқамаған. Сағат тоғыз кезінде түтін иісін сезіп, бірден өрт сөндірушілерді шақырған.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

– Ғимараттың құрылымы өте күрделі. Ғимараттың сырты алюкобондпен жабылған. Бұл – қызыл жалынды тез таратын материалдардың бірі. Әзірге өрттің шығу себептері туралы нақты мәлімет жоқ. Қазір ғимараттың құлау қаупі бар.

Сонымен қатар оқиға орнына қала әкімі Бақыт Сұлтанов та арнайы барған. Алдағы уақытта мамандар өрттің шығу себебін зерделейтін болады.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы