378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте жасөспірім өрттен екі баланы құтқарып қалды

  • 385
  • UPD: 20:50, 18.02.2019

Шымкенттің іргесіндегі Құрсай елді мекенінде үй өртеніп, абырой болғанда баспана ішіндегі үш жасөспірім аман қалған.

Ата-ана қарауынсыз үйде қалған бүлдіршіндерді көршінің он үш жасар баласы қызыл жалыннан арашалап қалыпты. Көршісіне бірінші болып көмек қолын созған бейбіт күннің батырын қалалық төтенше жағдайлар департаменті де марапатқа лайық деп таныды. «Ал үйдегі өрттің нақты неден шыққандығы әзірге белгісіз», – дейді төтеншеліктер.

Оқиға ақпанның он алтысында сағат 16:30 дар шамасында болған. Төтенше жағдайлар департаментінің жедел басқару орталығына Құрсайда өрт шыққаны туралы хабарлама жеткен. Оны естіген өрт сөндіру қызметінің арнайы жасағы Жаңақұрылыс көшесі бойындағы салынған үйдегі жалынды сөндіруге кіріскен. Өртке оранған үйдің 60 шаршы метрі жаныпты.Үш бөлмеден тұратын баспаның сау тамтығы қалмаған. Жиһаздар да жанып кеткен. Ең бастысы үйде болған үш бүлдіршін аман-сау.

Алтынбек Жұмағұлов, үй иесі:

– Кішкентай балам көрпеге сіріңке тигізген. Қызымның айтып беруіне қарағанда. Көрпені өшірген. Өрт тоқтамай жатқаннан кейін көрші Бақытжанды шақырыпты. Бақытжанға алғысым шексіз. Бала-шағам аман, соған қуанып отырмын.

Үйі өртенгенде Алтынбек жеке шаруаларыммен қала ішінде едім дейді. Оған көршілері хабарласып жағдайды айтқан. Ал үйдің үлкені Арайлым сіңлісі мен інісіне қарап осы уақытта үйінде отырған. Кенеттен шыққан өрттен абдырып қалған ол бауырларын тез арада сыртқа шығарыпты. Сосын көршісіне жүгірген.

Арайлым Аманғали, А.Жұмағұловтың қызы:

– Үй түтін болып кетті. Иісі кетсін деп есік-терезені ашып қойдым. Далаға барлығын алып шықтым. Cөйтіп түтін шығып жатқанда Бақытжанды шақырдым. Бақытжан Хансұлтан кіріп бара жатқанда қолынан алды. «Кірме» деп, барлығымызды көршінің үйіне алып барды.

Бұл кезде көрші үйдің ұлы Бақытжан ауласында көлік ішінде отырған. Арайдың даусын естіп, жалма-жан түтін шығып жатқан баспанаға жүгірген. Дереу дәліз ортасында тұрған екі бүлдіршінді үйден алып шыққан. Сосын өз үйіне апарып су беріп, ентігін басқан.

Бақытжан Беркінбай, оқушы:

– Жүгіріп келдім. Қыздар жылап жатыр екен. Сосын бері қарай шығардым. Үй жаққа алып келіп су бердім. Сосын өрт сөндірушілерге хабарластық.

Көрші баланың ержүректігі мен батылдығы екі балақайдың өмірін құтқаруға көмек берген. Бақытжан – үйдің ең кенжесі. Өзі біраздан бері спортпен шұғылданады. Бейбіт күннің батырын қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы арнайы құттықтап, сый құрмет көрсетті.

Төтеншеліктер Бақытжанды «Ерлігі үшін» медаліне ұсыныпты. Ол оған әбден лайық дейді мектептегі ұстаздары да. Ал үш баласы бар баспанасыз қалған жас отбасына қазір көмек қажет.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы