378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысының тұрғыны есірткімен ұсталды

  • 299
  • UPD: 14:53, 21.02.2019

Ақтауда төлем терминалына шабуыл жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Атырауда бір әйелді қорқытып, тонап кеткен қарақшы топ қолға түсті. Жамбыл облысында үйінде 67 келі ескірткі жасырған ер адам ұсталды.

Жамбыл облысында полицейлер Құмжота ауылының тұрғынын есірткімен ұстады. 48 жастағы азаматтың үйін тексеру кезінде 67 келіден астам марихуана мен 143 грамм гашиш табылды. Ұсталған адам бұрын істі болмаған. Ол өз кінәсін толық мойындады. Қазір үстінен қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Айта кету керек, өңірде соңғы 5 күнде есірткіге қатысты 27 дерек тіркелген. Заңсыз айналымнан 82 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.

Ақтауда төлем терминалына шабуыл жасалды

Ақтауда ер адам төлем терминалын бұзып, ақша алмақ болды. Қарақшылық шабуыл қаладағы сауда орталығының маңында болған. Оның бұл әрекеті сондағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Мына бейнекадрда ер адамның терминалды және ондағы бейнебақылау камерасын сындырып жатқаны анық көрініп тұр. Терминал қожайыны ешқандай ақша қолды болмағандықтан полицияға арыз жазбапты.

Ірі көлемде көксеркені заңсыз аулаған

Алматы облысының полицейлері балық инспекциясымен және табиғи ресурстар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, ірі көлемдегі көксерке балығын заңсыз аулау дерегін анықтады. Алматы-Өскемен тас жолының 319-шақырымында ұсталған «Фольсваген» автокөлігінен 2 тонна 150 келі балық табылды. 35 жастағы жүргізуші заңсыз жүкке қатысты құжатты көрсете алған жоқ.

Заңсыз балық аулау ісінен мемлекетке 10 миллион теңге шығын келген. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, іс есепке алынып, болашақта сотқа жолдану үшін орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына жіберілді.

Алтын түсті автокөлік апатқа ұшырады

Ақтауда көктайғақтан алтын түстес автокөлік жол апатына ұшырады. «Тойота Камри» тайып кетіп, автотұрақта тұрған бірнеше көлікке соқтығысады. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қуанышқа орай, ешкім зардап шеккен жоқ.

Қарақшылар қолға түсті

Атырауда қылмыскерлерді ұстау үшін арнайы операция жүргізілді. 4 ер адам әйелдің пәтеріне кіріп, оны пышақапен қорқытып, ақшасы мен телефонын алып кеткен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобына әйел олардың мініп кеткен көлігінің маркасы мен олардың түр-әлпеті туралы мәлімет береді. Атырау полиция басқармасының жеке құрамы жұмыла күдіктілерді ізін суытпай қолға түсірді. Полицияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 192-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Хабар 24 телеарнасы