378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда апаттан зардап шеккен тұрғынның жағдайы ауыр

  • 328
  • UPD: 10:42, 08.03.2019

Көкшетауда дене күтіміне арналған 200-дан астам жалған жақпамай тәркіленді.

Алматы облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды қызметкерлері ірі мөлшерде қорқытып пара алғаны үшін жазаларын тартты. Ал Жамбыл облысында жол ережелерін білмейтін тәртіп сақшылары қызметтен кетті.

Пара алып, опық жеді

Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды қызметкерлері ірі мөлшерде қорқытып пара алғаны үшін жазаларын тартты. Мемлекеттік ведомствоның мамандары И.Нұрғасымов пен  К.Қожабеков коммерциялық құрылым басшыларының бірінен 15 мың АҚШ долларын алғаны үшін сотталды. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер департаментінің аға тергеушісі Б.Есембаев бір азаматтан 13,5 мың АҚШ долларын қорқытып алмақ болған. Б.Есембаев ақшалай сыйақы алу кезінде ұсталды. Маман 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айырды. 

Апаттан зардап шеккен тұрғынның жағдайы ауыр

Павлодарда көпқабатты үйде болған жарылыста зардап шеккен 32 жастағы азаматтың жағдайы ауыр. Тұрғынның денесінің 50%-ін күйік шалған. Еске салайық, оқыс оқиға Екінші Павлодар шағын ауданындағы бесқабатты үйдің екі бөлмелі пәтерінде болды. Жарылысқа қоқыстан табылған оқдәрі ұнтағы себеп екені белгілі. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды.

Юрий Колесников, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Жедел шаралар нәтижесінде оқиғаның мән-жайы белгілі болды. Пәтер иесінің танысы жақын маңдағы қоқыстан оқдәрі ұнтағының алты қаптамасын тауып алған. Үйге әкеліп, жарамдылығын тексермекші болған. Соңы өртке ұласты. Қос азамат бұрын істі болған. Әлеуметтік әлжуаз топқа жататын тұрғындар ішімдікке бой ұрған.

Заңсыз көші-қон

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысының аумағында ұзақ уақыт бойы қытайлық азаматтарды көшірумен айналысқан топтың заңсыз әрекетін тоқтатты. Бұл іспен Тараз қалалық көші-қон бөлімінің қызметкерлері айналысқан. Қылмыстық топ 170-тен астам шетелдіккке облыста кедергісіз тұруға жалған құжаттарды рәсімдеген. Мамандар бас бостандықтарынан айырылды.

Жол ережесін білмейтін полицейлер

Түркістандық қос полицей жол ережелерін білмегені үшін жұмыстан қуылды. Әлеуметтік желілерге жарияланған бейнематериалдан соң бұл жайтқа қатысты шу шықты. Тәртіп сақшылары мотоцикл жүргізушісіне қарапайым жол ережесін түсіндіре алмаған. Кейін осы дерекке қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде патрульдік полицейлер жұмыстан шеттетілді.

Кәмелетке толмай тәртіп бұзғандар көп

Тараздық ювеналды полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарын тексеріп, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында заңбұзушылықтарды анықтады. Екі күннің ішінде 85 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелді. 51 жеткіншек түнде ата-аналарының қарауынсыз жүрген. Рейдтік шара барысында мас күйінде жүрген жасөспірім де полицейлердің қолына түсті. Тиісті шара ішімдік өнімдерін сату жөніндегі заңды бұзған дүкен иесіне қатысты қолданылмақ. Хаттама толтырылды.

Жалған жақпамайлар тәркіленді

Көкшетауда дене күтіміне арналған жақпамайлар тәркіленді. Әділет департаментінің мамандары қаланың орталық нарығынан 200 данадан астам косметикалық бұйымды сатылымнан шығарды. Олар әйгілі брендтердің атын жамылып жасалған. Жалған өнімдерден негізгі өндірушіге 300 мың теңгеден астам шығын келген. Бұдан бөлек, химиялық жуғыш заттар, тіпті, атақты маркаларды желеу еткен спорттық киімдер тәркіленді.

Самат Сайдалин, облыстық Әділет департаментінің басқарма басшысы:

- Қазіргі таңда біз осы іске қатысты материалдарды сотқа жібердік. Бізге белгілі Бурабай ауданында тағы да осындай іске қатысты материалдар бар. Бүгін біз соған шығып, тексеріс жүргіземіз. Өндіруші бойынша біз оны тапқан жоқпыз. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

87 жастағы әжей құтқарыды

Петропавлдық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары 87 жастағы азаматшаны өлім аузынан құтқарды. Зейнеткер бес күн бойы үйінен шықпаған. Бұл жайт оның көршісін алаңдатып, кейін құтқарушылар шақырылған. Пәтердің есігін ашуға көп уақыт кететіндіктен, мамандар үйге балкон арқылы кірген. Үйдің ішінде қант диабетіне шалдыққан азаматша жатқан. Шұғыл түрде дәрігерлер шақырылып, әжейге көмек көрсетілді. Бүгінде зейнеткердің жағдайы тұрақты.

Хабар 24 телеарнасы