389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда жылу станциясындағы маман өлімінің себебі анықталды

  • 536
  • UPD: 11:14, 12.03.2019

Павлодарлық еңбек инспекторлары Екібастұз жылу электр станциясындағы қазандық цехы аусымы бастығының өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасады. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде кәсіпорынның кінәсі бар екені толық анықталды. Арнайы тексеріс нәтижесінде жұмыс беруші тарапынан бірқатар олқылықтар болған. Атап айтқанда, №8 қазандық агрегаты құбырының жарылуына құбырдың ішкі коррозиясы себеп. Құбырдағы ақау өткен жылдың желтоқсанында анықталса да, жауапты мамандар тарапынан ешқандай шара қолданылмаған. Еске салсақ, оқыс оқиға 26 қаңтарда болды. 40 жасар азамат өндіріс орнында көз жұмды. Ауысым бастығы Ержан Жақсылықов құбырдан шыққан буға күйіп, қайтыс болды.

Асқар Қапанов, облыстық еңбек басқармасының басшысы:

- Тексеріс нәтижесінде кәсіпорын кінәлі деген байламға келдік. Құбырдағы ақау бұған дейін анықталса да тіркелмеген. Енді бұл жайт үшін жұмыс беруші тараптың 10-нан астам маманы жауапты деп танылды. Қазіргі уақытта тексеріс қорытындыларын ішкі істер органдарына жолдадық. Нақты шешімді полиция өкілдері шығарады.

Қарағанды қаласында каратэдан жаттығу кезінде 14 жасар жасөспірім көз жұмды. Оқиға болған уақытта жаттықтырушысы жанында болған. Қаза болған жасөспірім жекпе-жек барысында кеудесінен соққы алған. Жедел жәрдем бригадасы жүргізген реанимациялық шаралар мен Кардиологиялық орталыққа жеткізу амалдары да еш нәтиже бермеді деп отыр денсалық сақтау басқармасының мамандары.  Абай қаласының білім бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, жасөспірім кәсіби спортпен 10 жыл шұғылданған. Жекеменшік спорттық-сауықтыру кешеніне ата-анасының рұқсатымен Дубовка елді мекенінен қатынап жүрген.  Қазір бұл оқиға қатысты тергеу амалдары басталып кетті.

Жаңатай Сембеков,  облыстық ПД ресми өкілі:

- Болған оқиғаның толық мән жайын және себеп–салдарын жан-жақты нақтылау мақсатында сотқа дейінгі тергеу басталып, қорытындысы бойынша жаттықтырушы мен жедел жәрдем қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Алматы облысында елтірі контрабандасының жолы кесілді

Алматы облысының Жамбыл ауданында елтірі контрабандасының жолы кесілді. Автобус жүргізушілерінің бірі полиция бекетінен 3,5 мың ондатрдың терісін алып өтпекші болған. Автобустың жүк салғышынан табылған елтірінің ешқандай құжаты болмай шықты. Ал жүргізуші болса бұл контрабандалық жүкті белгісіз біреулердің Түркістан облысынан салып жібергенін айтып ақталды. «Қазір осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бірнеше аң терісі сараптамаға жөнелтілді. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім шығатын болады», - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің мамандары.

Өскеменде биікке құмар жігіт жауапқа тартылды

Өскеменде 22  жастағы азамат жол айырық үстіне салынған жабық көпірдің шатырына шығып, онымен жүріп өткен. Осы әрекетін өзі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Енді экстремал жігіт осы әрекеті үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Полиция қызметкерлеріне берген жауабында жас жігіт, бұған дейін де бірнеше мәрте биік ғимараттардың үстіне шыққанын мойындап, биіктікті бағындыру сүйікті ермегі екенін айтыпты. Ал, аталған көпірдің ұзындығы 125, биіктігі 12 метрге жуықтайды.

Хабар 24 телеарнасы