378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте әйел адам 4 келіден астам есірткімен ұсталды

  • 200
  • UPD: 15:13, 14.03.2019

Шымкентте ірі көлемде есірткі тасымалдаған әйел адам ұсталды. Ал Көкшетауда жаяу жүргіншіні автобус қағып кетсе, Ақтөбеде перзентханадан өрт шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері арнайы операция барысында 4 келіден астам есірткі тәркіледі. Гашиш есірткісін Шымкент қаласының тұрғыны таксимен тасымалдаған жерінен ұсталды. Автокөліктің жүксалғышында полиэтилен пакетінің ішінен екі орама табылған. Ұсталған азаматша Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Өрттен 8 жасар қыз құтқарылды

Қарағанды қаласындағы жеке үйлердің бірінде болған өрттен бір адам қаза болып, 8 жасар қыз бала құтқарылды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткенше баланы көршілері алып шыққан. Өрт сөндірушілер келген уақытта жеке үйдің шатыры мен терезелері отқа оранып, үйдің ішіндегі жиһаз түгел өртеніп кеткен. Құтқарушылар үйдің ішінен ер адамның мәйітін алып шықты. Өрт аумағы 70 шаршы метрді құрайды. Қызыл жалынды ауыздықтауға жеке құрамның 35 қызметкері мен 10 техника жұмылдырылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қыз баланы құтқарған Ырғыбаев Сайранды марапаттауға өтініш білдірді.

Фариза Байбосынова, Сайран Ырғыбаевтың жұбайы:

- Күйеуім қаладан келе жатып түтінді байқаған. Ол үйде баланың бар екенін біледі, өйткені біздің балалар бірге ойнайды. Үйге кіріп қыз баланы далаға шығару кезінде өзінің де түтінге тұншығып қала жаздағанын айтты. Далаға шығу жолын әрең тапқан. Құтқарылған қыз үйде ағасының бар екенін айтты. Алайда көк түтінге оранған үйге қайта кіру мүмкін болмады.

500 қару жойылды

Алматы облысында 500 данадан астам қару-жарақ жойылуға жіберілді. Олар домна пешінде балқытылады. Ал бұл процесс арнайы құрылған комиссияның қатаң бақылауымен жүзеге асырылады. Аймақта былтыр осылай 3 жарым мыңнан астам қару тәркіленіп, 6 мыңдай қару-жарақ пен 57 жарылғыш заттың көзі жойылған болатын.

Перзентханада өрт шықты

Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының жертөлесінен өрт шығып, 500-ге жуық адам қауіпсіз жерге шығарылды. Олардың жартысынан көбі орталық қызметкерлері. Жаңа босанған әйелдер мен нәрестелер зардап шеккен жоқ.

Автобус адам қағып кетті

Көкшетауда жаңадан салынған «Сарыарқа» мөлтек ауданында қалаішілік автобус кісі қағып кетті. Оқиға аялдама жанында болған. Жаяу жүргінші жолды белгіленбеген тұстан өткен. Оған қоса мас болған. 30 жастағы жігіт дереу ауруханаға жеткізілді. 

Хабар 24 телеарнасы