379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында су қоймасының қабырғасы опырылды

  • 230
  • UPD: 13:42, 31.03.2019

Ақмола облысында Бурабай ауданы аумағындағы Кенесары су қоймасының қабырғасы опырылды.

Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Оқиға таңғы сағат 4:25 шамасында болған. Ал су қоймасы Көкшетау қаласынан шамамен 40 шақырымдай жерде орналасқандықтан, ағын су облыс орталығына келеді деген қауіп бар. Осыған орай құтқарушылар бүгін жедел брифинг өткізді. Мамандардың айтуынша, әзірге қалаға қаншалықты қауіп төніп тұрғаны нақты белгісіз. Бір белгілісі, аталған су қоймасынан шыққан ағын су Шағалалы және Қылшақты өзендерімен облыс орталығы арқылы өтіп, шаһар жанындағы Қопа көліне келіп құйылады. Аталған өзендерде судың ағысын бөгейтін ешқандай кедергілер жоқ, - дейді төтеншеліктер. Жағдай қазір жіті бақылауда. Тағы бір ақпарат, Кенесары су қоймасының техникалық жағдайы мүшкіл болған екен. Оны «Казводхоз» мекемесіне мамандар бірнеше мәрте ескерткен. Алайда жауаптылар, бұған құлақ аспапты. Қазір оқиға орнына «Хабар 24» арнасының тілшілері аттанды. Алдағы уақытта мәселенің мән-жайы анықтала түспек.

Манарбек Шапағатов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

– 2017 жылдың қыркүйек айына дейін Кенесары су қоймасы иесіз болып келген. Ал одан бері облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайлануды реттеу басқармасының иелігіне өтті. Кейіннен 2018 жылы «КазВодхоз» мекемесіне берілген. Біз бұл мекемелерге бірнеше рет ескерту жасадық. Себебі су қоймасы апатты жағдайда болатын. Бірақ біздің ескертуге ешкім құлақ аспады.

Хабар 24 телеарнасы