389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте заңсыз жұмыс істеген мейрамханалар мен дәмханалар әшкереленді

  • 559
  • UPD: 15:22, 04.04.2019

Шығыс Қазақстан облысында Зайсан өзенінде балықшылар құтқарылды. Павлодарда мотоцикл мінген жігіт жол апатына түсіп, жарақаттар алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зайсан көлінде балықшылар құтқарылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінде қос балықшы құтқарылды. Мұз қалыңдығының жұқарып жатқанына қарамастан күршімдік 5 тұрғын балық аулауға шығып кеткен. Жағалаудан алыстап кеткен олардың үшеуі кейін қайтып үлгеріпті. Ал екеуі күн бата мұздың шытынап жарыла бастағанын байқап, құтқарушыларға хабарласқан. Оқиға орнына қайықпен жеткен төтеншеліктер оларды аман есен ауылға жеткізді.

Павлодар мотоцикл тізгіндеген азамат зардап шекті

Павлодар қаласындағы сапаржайдың маңында жол апаты болды. Мотоцикл мінген адам жеңіл көлікке соғылып, жолдың қарсы бетіне ұшып түсті. Салдарынан мотоциклді тізгіндеген 26 жастағы ер азамат зардап шекті. Ол қалалық аурухананың жарақаттар бөліміне дереу жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның бас-миы шайқалып, табан буыны сынған. Сонымен қатар кеудесі жарақаттанған. Қазіргі уақытта тиісті ем-дом шаралары қолға алынды. Полицейлер тергеу амалдарын бастады.

Шадиёр Сүйінов, патрульдік полиция батальонының инспекторы:

- Мотоцикл мінген адам «Ларгус» маркалы көлігіне соғылып,  жолдың қарсы бетіне құлады. Сол сәтте келе жатқан басқа  көлік оның үстімен жүріп өтті. Қазіргі жеңіл көлік айыппұл тұрағында тұр. Тиісті тергеу-тескеру жұмыстары басталды.

Заңсыз жұмыс істеген мейрамханалар мен дәмханалар әшкереленді

Шымкентте рұқсат құжаттары жоқ 139 дәмхана мен мейрамхананың жұмысы тоқтатылды.  Бұл келеңсіздіктерді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тексерісі анықтады. Іс-шара азық-түліктен уланудың алдын алуға бағытталған акция шеңберінде өтті. Мамандардың сөзінше, олар кәсіпкерлермен ұдайы кездесіп, заң нормаларын жан-жақты түсіндіреді. Профилактикалық акциялар нәтижесінде өткен жылы және биыл 3 айдың қорытындысы бойынша 146 нысанның қожайындары рұқсат құжаттарын рәсімдеген.                 

Алмат Қосалиев, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:

- Өздері ас әзірлеп әлеуметтік желілердің көмегімен халыққа жеткізумен айналысатын кәсіпкерлер мен тұлғалар заң талаптарын ескерулері міндет. Ал қала тұрғындары мен қонақтар рұқсат құжаттарынсыз істейтін мұндай нысандардан аулақ жүргендері дұрыс. Себебі, ондағы тағамдар адам денсаулығына өте қауіпті.

Пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті анықталды

Алматы облысының Іле ауданындағы православия шіркеуінің шағын дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған күдіктінің 15 пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды. Боралдай ауылының 39 жастағы тұрғыны ұрлаған бірқатар зергерлік бұйым Алматы қаласындағы ломбардтан табылған. Бұйымдар тәркіленіп, іс материалдарына тіркелді. «Іле ауданының соты тергеу кезінде күдіктіні қамаққа алу туралы санкция шығарды», – деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Ұсталған азамат есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және саудалағаны үшін бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен.

Өскеменде ломбард тонаушы ұсталды

Өскеменде полицейлер зергерлік бұйымдар тонаумен айналысқан тұрғынды қысқа мерзім ішінде қолға түсірді. Жас азамат алтын бұйымдар ломбардына кіріп, сатушының көзі тайып кеткен мезетте өлшеп көрген заттарын ала қашқан. Осындай зардап шеккен мекеменің бірінің иесі полицияға шағымданып, бейнебақылау жазбаларын бірге ұсынған. Қылмысты ашуға оның көп септігі тиді. Көп ұзамай күдікті анықталып, ұсталды. Ол Өскемен қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты.

Хабар 24 телеарнасы