379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда жүргізуші келіншек полицейлерді басып кете жаздады

  • 185
  • UPD: 13:58, 10.04.2019

Атырауда қоқыс жәшігінің жанынан 8 айлық бала табылды. Ал Оралда шекара аспақ болған браконьер ұсталды. Осы және өзге де деректер «Оқыс оқиға» айдарында.

Петропавл қаласында жүргізуші келіншек жол ережесін бұзып, полицейлерді басып кете жаздады. Орталық саябақтағы жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен қымбат көлікті 3 тәртіп сақшысы тоқтатпақ болды.Оның ерсі қылығын куәгерлер түсіріп алып, бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Белгілі болғандай, рөлде Нұр-Сұлтан қаласының 25 жастағы тұрғыны отырған. Оған қатысты 3 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің «билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

 

Атыраудағы көшедегі қораптан 8 айлық бала табылды

Атыраудағы Сары-Арқа шағын ауданында, көшедегі қораптан 8 айлық бала табылды. Қоқыс жәшігінің жанында жалғыз жатқан сәбиді тауып алған тұрғындардың бірі полицияға хабарлаған. Баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізіп, медициналық тексеру жүргізілді. Кейін баланың анасы табылды. оның айтуынша, баласын азаматтық некедегі күйеуіне уақытша қарай тұру үшін қалдырып кеткен. Алайда алкогольдік ішімдік ішіп, масайраған күйеуі сәбиді қоқыс контейнерлерінің жанына ұмытып кеткен.

 

Түркістанда полицейлер ұялы телефон ұрлығымен айналысқан күдіктіні ұстады

Түркістан криминалдық полициясы ұялы телефон ұрлығымен айналысқан күдіктіні ұстады. Қазіргі таңда ол қамауға алынып, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктінің осындай қылмыстардың 10 жайтына қатысы бар екендігі белгілі болды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы жарты миллионнан астам теңгені құрап отыр. Жалпы Түркістан қаласының полициясына жыл басынан бері базарлар мен қоғамдық орындарда ұрланған ұялы телефондар бойынша оншақты қала тұрғыны арызданған.

 

Ақтөбеде ұмыт қалған сөмке күдік тудырды

Ақтөбеде шұғыл әрекет ету тобы бір күнде екі рет дабыл бойынша «Сапар» автовокзалына барды. Бірінші шақыртуды диспетчер жасаған. Ол күту залында табылған иесіз сөмке туралы хабарлайды. Бірақ саперлер оның ішінен жарылғыш зат тапқан жоқ. Ал қолдорбаны 29 жастағы ер адам ұмытып кеткен. Арада 2 жарым сағат өткеннен кейін жедел басқару орталығына тағы да дәл сол автовокзал жанындағы көлік тұрғанда тұрған сезікті сөмке туралы қоңырау шалынады. Бұл жолы да спорттық заттар салынған сөмкені жолаушылардың бірі ұмытып кеткені белгілі болды.

 

Шекара аспақ болған браконьер ұсталды

20/29 әскери бөлімінің «Сырым» халықаралық өткізу пунктінде браконьерлік қызметтің жолын кесу операциясы барысында Өзбекстан азаматы ұсталды. Оның қол жүгін тексеру кезінде салмағы 19,5 кг болатын 148 дана жаңа кесілген ақбөкен мүйізі табылды. Олар келтірген шығын көлемі 259 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Хабар 24 телеарнасы