378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оқиғалар хроникасы. 23 сәуір

  • 168
  • UPD: 16:27, 23.04.2019

Қордай шекара бекетінде Қырғызстаннан еш құжатсыз ұялы телефондар алып өтпек болған Қазақстан азаматы ұсталды. Тексеріс кезінде оның көлігінен 293 байланыс құралы табылды. Қазіргі таңда олар Мемлекеттік кірістер басқармасына тапсырылды. 

Маңғыстау облысында салмағы 12 келі болатын бекірені дүкенде сақтаған тұрғын ұсталды. Аулауға және пайдалануға тыйым салынған балықты полицейлер тәркіледі. Тергеу барысында күдіктінің бекірені заңсыз жолмен сатып алғаны анықталды. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, айыпталушының бір жылға бас бостандығы шектелді. Сондай-ақ Ақтау қалалық соты Иран азаматын 505 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Ол жол сөмкеге балық жасырып, кемеге мінбек болған.

Гаухар Нұрқанова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

- Сот үкімімен аталған азамат ирандық. Қазақстан Республикасының 339-бабымен кінәлі деп танылып, оған 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 505 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.

Ақтөбе облысында киіктің мүйізін сатып алумен айналысқан адамдар ұсталды.  Әйтеке би ауданының тұрғынынан 20 мүйіз, сондай-ақ аңшы мылтығы мен оқтар табылды. Ұсталған азаматтар кінәсін мойындап отыр. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Түркістан облысы Ордабасы ауданында жоғалып кеткен 7 жылқы табылды. Иесі ең алдымен оларды өзі іздеген. Бірақ онысынан түк шықпай, полицейлерге хабарласты. Тәртіп сақшылары шұғыл түрде арнайы топ құрып, бір үйір Қамбар ата түлігін Сайрам ауданынан тапты. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар жайылымда жүрген жылқыларына қарамайды. «Сондықтан да ұрылар оңай олжаға кенеледі», - дейді полицейлер.

Өскеменде жаппай төбелеске байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қаладағы кафелердің бірінде көңіл көтерген жігіттер өзара сөзге келіп, жаға жыртысып қалған. Тараптардың теке-тіресі көше бақылау камерасына түсіп қалған. Оқиға орнына полицейлер келіп, бұзақылар ұсталды.  

Теміртау қаласында КамАЗ жүк көлігі бағанаға соғылды. Жол апаты түс кезінде болған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, рульде 1981 жылғы жігіт отырған. Оған қатысты хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Хабар 24 телеарнасы