377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде жедел жәрдем қызметі жеңіл көлікке соғылды

  • 236
  • UPD: 10:52, 25.04.2019

Ал Түркістан облысында жаңбыр жауып, аулаларды су басты.

Балық инспекторлары соққыға жығылды

Шығыс Қазақстан облысында балық инспекторларына шабуыл жасалды. Көкпекті ауданында рейд жүргізген мамандарды белгісіз біреулер екі рет ұрып кеткен. Оларды ұстау мүмкін болмады. Бұзақылар сол жерден қайықпен ізін суытқан. Зардап шеккендер төбелескендердің түрін де білмейді. Өйткені олар бетперде киіп алған. Ал өткен аптада табиғат қорғау полицейлері Қара Ертіс сағасында бір топ браконьерді ұстап, бірнеше тонна балық тәркіледі.

Жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады

Семейде ауруханаға адам апара жатқан жедел жәрдем қызметі апатқа ұшырады. Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, дабыл қаққышын қосқан арнайы көлікті «Тойота» өткізбей, бір-біріне соғылып қалған. Полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушіге қатысты хаттама толтырып, айыппұл салды. Ал науқасты басқа жедел жәрдем көлігі келіп алып кетті.

Жаңбыр жауып, аулаларды су басты

Түркістан облысы Жетісай ауданында 4 күн қатарынан жаңбыр жауып, жер үйлердің ауласын су басты. Ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір тұрғындар далаға шыға алмай қалған. Бұл ретте аудандық әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесіп, су сору жұмыстарын ұйымдастырды. Толассыз жаңбырдан шымкенттіктер де зардап шекті.  

Көлікке жарнама жазғандар жазаланды

Павлодарлық полицейлер көлігіне жарнама жапсыратын жүргізушілерді жазалады. Бүгінгі таңда 5 адам әкімшілік жауапқа тартылып, әрқайсысына 12 жарым мың теңгеден айыппұл салынды. Рейд барысында жол сақшылары жеңіл көлікті тоқтатты. Оның терезесіндегі жарнама тиісті талаптарға сай келмейді. 27 жастағы жүргізуші оны сол жерде өшіріп тастады. 

Хабар 24 телеарнасы