378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында 4 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылды

  • 82
  • UPD: 15:28, 13.05.2019

Жамбыл облысында 205 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар көші-қон туралы заңды өрескел бұзған. Ал Ақмола облысында ер азамат өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Жол бойындағы тілсіз жаумен арпалыс. Халықаралық Алматы-Екатеринбург тас жолында жүк көлігі өртеніп кетті.

Жамбылдық полицейлер бір айда 80 мыңға жуық жеке тұрғын үйлер мен 25 мыңнан астам пәтерді тексеріп шықты. Нәтижесінде көші-қон туралы заңнаманы өрескел бұзған 300-ден астам ТМД елдерінің азаматы анықталды. Оның 205-і ел аумағынан шығарылды. Арнайы жедел алдын алу шарасы кезінде қаруы бар 3500-ге жуық тұрғынның 37-сі қару сақтау ережесін бұзғандығы белгілі болды. Сондай-ақ 19 адамнан заңды тіркеуден өтпеген қару тәркіленді. Тексеріс барысында жалпы аймақ бойынша 4 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылып, мыңнан астам азамат ішкі істер бөліміне тіркеуге алынды.

Суицид жасамақ болған адам құтқарылды 

Ақмола облысында ер азамат көп қабатты тұрғын үйден секіріп өлмек болды. Бейнетүсірілімнен 9-қабаттың балконында өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттеніп тұрған адамды көруге болады. Оқиға Щучинск қаласындағы Мұхтар Әуезов көшесінде болған. Құтқарушылар онымен телефон арқылы сөйлесіп, психологиялық жәрдем көрсеткен. Нәтижесінде 30 минут ішінде құтқарушылар оны райынан қайтарды.

Күдікті топ ұсталды

Таразда пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер облыс орталығындағы пәтерлердің бірін тонаған. Олар темір торды бұзып, пластик терезені арнайы тәсілмен ашқан көрінеді. Үйдегі 1 миллион теңге мен 1600 АҚШ доллары және алтын бұйымдарды қолды қылған. Үй иелеріне жалпы құны төрт жарым миллион теңгеден астам шығын келді.  Жедел іздестіру кезінде полицейлер ломбардтың алдынан күдікті 5 адамды ұстады. Тексеру кезінде олардан ақша, терезені бұзуға арналған құралдар анықталып, тәркіленді. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Көлік өртенді 

Қарағанды облысында жүк көлігі өртеніп кетті. Оқиға Шет ауданында Алматы-Екатеринбург халықаралық жолының бойында болған. Абырой болғанда, жарақат алғандар жоқ. Лаулап жанған отты өшіруге 2 арнайы техника мен 7 адам жұмылдырылды. Өрттің неден шыққаны белгісіз. Тексеру, анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы