389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысының тұрғыны 127 келі бекірені үйінде сақтаған

  • 541
  • UPD: 15:26, 16.05.2019

Маңғыстау облысында 127 келі бекіре тұқымдас балықты заңсыз сақтаған адам ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ал Алматы облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті. Күдіктілердің 80 бас жылқыны қолды қылғаны анықталып отыр. Ақтөбеде жолаушылар автобусы аударылып, екі адам зардап шекті.

Маңғыстау облысының Басқұдық ауылындағы жер үйлердің бірінде 127 келі бекіре тұқымдас балықты сақтаған адам ұсталды. Мұнайлы ауданына қарасты елді мекен тұрғыны осы әрекеті үшін заң алдында жауап береді. Күдіктінің үйін тінту кезінде табиғат қорғау полицейлері 48 дана бекіре балығын тауып, тәркілеп алды. Бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.  

Әйгерім Ибадуллаева, ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы:

- Аталған дерек Мұнайлы ауданы полиция басқармасының сотқа дейін тергеу бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Барымташылар ұсталды

Алматы облысының тәртіп сақшылары мал ұрлығымен айналысқан барымташыларды ұстады. Қылмыстық топ 4 адамнан жасақталған. Олар өздерінің жымысқы әрекетін Қербұлақ, Қаратал және Талдықорған қаласының аумағында жүзеге асырыпты. Сот алды тергеу барысында күдіктілердің 80 бас жылқыны қолды қылғаны әшкереленді. Шаруаларға келтірілген шығын көлемі 20 млн теңгеден асады. Қазір полицейлер қолға түскен азаматтардың өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.  

Серік Үпиев, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Тәртіп сақшыларының іздестіруі барысында 40 жылқы иесіне қайтарылды. Ұрлаған малды алған тұлғалар және мал етін сатқан орындар анықталды.

Ақтөбеде жолаушылар автобусы аударылды

Ақтөбеде жолаушылар автобусы аударылып, екі адам зардап шекті. Полиция департаментінің хабарлауынша,төтенше жағдай Ақтөбе-Богословка тас жолының бойында болған. «Газель» автокөлігі Сазды ауылына бара жатқан №43 бағыттағы автобустың жолын кесіп өтіп, нәтижесінде қоғамдық көлік аударылып кеткен. Бұл сәтте салонда жүргізушіден өзге кондуктор және 4 жолаушы болған көрінеді. Екеуі түрлі дене жарақатымен жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Осы дерек бойынша қазір тергеу шаралары жүріп жатыр.

Жол-көлік оқиғасынан 4 адам зардап шекті 

Жамбыл облысы Жаңатас қаласында жол апаты болып, 4 адам зардап шекті. Оқиға түнгі уақытта болған. BMW және Audi автокөліктері соқтығысып, жарақат алған адамдар Сарысу аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Абырой болғанда адамдар аман. Полиция департаменті берген мәліметке сәйкес, Audi көлігінің тізгіншісі жол ережесін өрескел бұзған. Қазір ол кінәсін мойындап, әкімшілік жауапқа тартылды.

Хабар 24 телеарнасы