378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында 100 келіге тарта есірткі тәркіленді

  • 231
  • UPD: 14:44, 28.05.2019

Маңғыстау облысындағы көпқабатты үй пәтерлерінің бірінен 94 келіден асатын есірткі табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбеде жеңіл машина отқа оранды. Ақтаулық кәсіпкер қолды болған сөмкесін қайтаруды өтінді. Ал Шымкентте біріне-бірі жол бергісі келмеген екі көлік соқтығысып қалды.

Ақтаудағы үй пәтерлерінің бірінен салмағы 94 келіден асатын есірткі табылды. 339 целлофан орамаға бөлініп салынған марихуананы тәртіп сақшылары тәркілеп алды. Сондай-ақ үш адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Олар еліміздің оңтүстік өңірлерінен келетін есірткіні сатумен айналысқан. Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұлтартпас дәйекпен қолға түскендердің уақытша ұстау абақтысына қамалғанын хабарлады. Күдіктілер сот үкімімен үштен жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Жеңіл көлік өртенді

Ақтөбеде ВАЗ маркалы жеңіл көлік отқа оранды. Оқыс оқиға  Кеңес Нокин көшесінде тіркелді. Абырой болғанда, зардап шеккен адам жоқ. Өрт сөндірушілер машинада газ баллоны жабдығының болмағанын айтып отыр. Жүк салғышта жалын сөндіретін құралдың жоқтығы да белгілі болды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Көлік қақса да, көрер жарығы бар екен

Өскеменде қызық жағдай болды. Жаяу жүргіншілер жолағы белгіленбеген жерден өтпек болған ер адам көлік астына түседі. Алайда орнынан тұра сала оқиға орнынан қашып кетеді. Араға уақыт салып дәрігерлерге қаралған. Бұл туралы қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Олардың айтуынша, Абай даңғылындағы жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен 30 жастағы тұрғынға әкімшілік хаттама толтырылды.

Ұрланған сөмкесін қайтаруды өтінді

Ақтаулық кәсіпкер ұрланған сөмкесін қайтаруды өтінді. Ол жергілікті сайтта жазба қалдырып, ұялы телефон нөмірін көрсеткен. Айта кетейік, бірер күн бұрын Мағаш базарындағы сауда орындарының бірінде ұрлық жасалды. Контейнер ішінде кісі жоқтығын көрген ер адам еденде жатқан сөмкені алып, ізін суытады. Оның бұл әрекеті бейнекамераға жазылып қалған. Иесі полицияға хабарласудың орнына жазбаны қалалық ақпарат порталы редакциясына әкеліп беріпті. Осыған қарағанда, оның күдіктіні танитын болуы да ықтимал.

Әлде білместік, әлде асығыстық

Жол апаты Жібек жолы мен Жүсіпбек Аймауытов көшелерінің қиылысында болды. Рысқұлов көшесінен шыққан Toyota маркалы машина қарсы бағытта келе жатқан жергілікті полиция қызметінің көлігін өткізбей, бетпе-бет қақтығысты. Салдарынан соңғы машина аударылып қалды. Жол оқиғасы кезінде екі көлік салонында жолаушылар болмапты. Жүргізушілерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген. Ал Camry-дің иесіне хаттама толтырылды.

Хабар 24 телеарнасы