389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда үш баланы сату туралы хабарлама жалған болып шықты

  • 396
  • UPD: 12:17, 29.05.2019

Кәмелетке толмаған үш баланың 100 млн теңгеге сатылатыны туралы хабарлама ақтаулықтардың жағасын ұстатты.

Әлеуметтік желіде жарияланған ақпарды шұғыл зерттеген полицейлер оның жалған екенін анықтады. Сөйтсек, 10 жастағы жеткіншек өз бауырларын «сатқысы» келген. Осындай қалжыңмен әлеуметтік желіні шулатқан баланың ата-анасымен тәртіп сақшылары сөйлесті. Перзентінің сабақтан бос уақытында немен айналасып жүргенін қадағалауды ескертті.

Шымкентте алты баланы көлік қағып кетті. Оқыс оқиға қаладағы автотұрақ жанында болды. Түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған жасөспірімдер жедел-жәрдеммен облыстық және қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазір олардың төртеуі үйлеріне жіберілді. Қалған екі бала жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы тұрақты дейді. Осы дерекке қатысты қылмыстық Кодекстің 345-бабымен тергеу басталды.

Тимур Бекманов, облыстық балалар ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Кеше бізге екі науқас түсті кешке, жол апатынан кейін. Біреуі 6 жасар, бірі 11 жасар. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Тексеріп басына комьпютер томография істеп бірінші көмекті көрсетіп бүгін жағдайы тұрақталды. Қазір нейрохирургия бөлімшесіне ауыстыруға дайындап жатырмыз.

Алматы және Түркістан облысының жиырмадан астам кеден қызметкеріне пара алды деген айып тағылды.

«Олар Қытайдан Өзбекстанға тауарды кедергісіз тасымалдауға көмектескен. Осы әрекеті үшін бопсалау жолымен сыбайлас жемқорлыққа барған. Тінту кезінде қылмыстық жолмен келген ірі көлемдегі шетел және отандық валюта тәркіленді», - деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Қазіргі таңда  үш күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Қалғандары кінәсін мойындауына байланысты бас бостандығынан айырмайтын бұлтартпау шаралары таңдалды. Екі аймақтағы бекеттердің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. 

Түркістан облысының полицейлері үй тонаумен айналысқан адамды ұстады. Сарыағаш аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қолға түсірген күдікті облыс көлемінде ғана емес, Шымкентте де пәтер тонауды кәсіп қылған.

Жыл басынан бері кезекші бөлімге тұрғындардан ақша мен бағалы бұйымдардың ұрлағандығы туралы бірнеше шағым келіп түскен. Бір жәбірлеуші терезе арқылы  кірген ұрының екі мың доллар мен заттарды қолды еткенін хабарлаған. Бұдан үй иесіне 1,5 млн теңге көлемінде шығын келген. Шұғыл түрде тәжірибелі мамандардан іздестіру тобы жасақталды. Олар қылмыскерді облыс орталығында қолға түсірді. Бірнеше рет сотты болған ер адамға 20 пәтер ұрлығын жасады деген айып тағылып отыр. Ал ұрланған заттардың бір бөлігі иесіне қайтарылған.

Шымкентте Республика даңғылының бойында орналасқан дәмхана отқа оранды. Оның салдарынан қоғамдық тамақтану орнының шатыры бүлінген. Бұл туралы хабарлама жергілікті уақытпен 21:55-те келіп түскен. Бір сағаттан соң өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Дәмханаға келушілер өз бетімен сыртқа шыққан. Жалынның шығу себебі мен материалдық шығын көлемі анықталуда.

Хабар 24 телеарнасы