387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасалды

  • 401
  • UPD: 15:31, 06.06.2019

Семей мен Петропавл қалаларында қарақшылықпен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Ал Қостанайда 15 жыл бойы сотталушылар қарамағында болған аю хайуанаттар бағына жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Петропавлда 82 жастағы зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды. Бұған дейін белгісіз екеу Невский көшесіндегі үйге терезені сындырып кірген. Баспана ішіндегі зейнеткер мен оның күтушісін байлап, жарты млн теңгеден астам ақшаны қолды қылған. Қылмыскерлер бейнекамералар арқылы табылды. Олар қамауға алынды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жалпы, жыл басынан бері облыста 5 қарақшылық шабуыл тіркеліпті.

Қалта ұрлығымен айналысқандар ұсталды

Семейде қалта ұрлығымен айналысқан екі күдікті қолға түсті. Олардың 14 қылмысқа қатысы бары анықталды. Келтірілген шығын 1 миллион 200 мың теңгеге бағаланып отыр. Осыған орай полицейлер қолданыстағы ұялы телефондарды сату және қабылдаумен айналысатын дүңгіршектерге тексеру жүргізді. Нәтижесінде ұрланған 1624 байланыс құралы тәркіленген.   

Елубек Оспанов, қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі жетекшісі:

- Екі адам бұрын бірнеше рет сотталған. Қалта ұрлығымен айналысып келген азаматтар. Бұлардың 15 қылмыстық іске қатысы бары нақтыланып отыр. Айғақ заттар, басқа да тергеу әрекеттерінің арқасында олар жасаған әрекеттерін мойындап отыр.

Жұртты дүрліктірген аттракцион

Рудный қаласындағы аттракционының жаңа видеосы желіні қайта шулатты. Қатты желдің екпінінен шолу дөңгелегі  кабинкаларының кері аударылған сәтін байқауға болады.

Естеріңізге сала кетсек, 14 мамыр күні дәл осындай оқиға тіркелген. Нәтижесінде әкімдіктегілер құрылыс барысында ақаулар жіберілгенін мойындап, аттракционды жауып тастаған болатын. Шолу дөңгелегін салу үшін жергілікті қазынадан 330 миллион теңге жұмсалды.

Кітапханаға бұлан кіріп кетті

Семейдегі колледждердің бірінің кітапханасына бұлан кіріп кетті. Жануар терезеден кіргенге ұқсайды. Оны оқытушылар мен студенттер видеоға түсіріп алған. Бұған дейін аңды тұрғындар теміржол вокзалы маңында көріпті. Куәгерлер биология орталығы және құқық қорғау өкілдерін шақырды. Алайда олар жеткенше бұлан із жасырған.

Аю хайуанаттар бағына жіберілді

15 жыл бойы Қостанайдағы қоныс колониясында болған аю Петропалдағы хайуанаттар бағына жіберілді. Осыған дейін аюға УК-161/2 мекемесінің жазасын өтеушілері күтім жасап келген. 2004 жылы қойылымдардың бірінде балаға шабуыл жасағаны үшін оны цирк қызметкері түрмеде кепілдік ретінде қалдырған еді.

Хабар 24 телеарнасы