384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста инкассаторларды өлтіріп тонаған адам ұсталды

  • 723
  • UPD: 16:55, 09.06.2019
Арыста инкассаторларды өлтіріп тонаған адам ұсталды

Түркістан облысы Арыс ауданында инкассаторларды қасақана өлтірген еңбек демалысында жүрген  почта қызметкері болып шықты.

Облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майоры Қайрат Дәлбеков көлікті тонап, қызметкерлерді аяусыз өлтірген күдіктінің  ұсталғандығын мәлім етті. 

Қайрат Дәлбековтың айтуынша, қаскүнемдердің қолынан қаза тапқан екі инкассатор қызметтік көлікпен Задария мен Монтайтас ауылдарында болып, одан соң почтамен бірге Қожатоғай  елді мекеніне бара жатқанда күндізгі  сағат 12-лерден кейін байланыссыз кеткен.

«Екі инкассаторымен бірге із-түссіз жоғалып кеткен қызметтік көліктің ішінде ауыл тұрғындарының зейнетақысы мен жәрдемақысын төлеуге арналған 7,5 миллион теңгеден астам қаржы болған. Күдіктілердің мекен-жайын анықтау мақсатында барлық іс-шара атқарылды. Түркістан облысы Полиция департаменті мен Арыс АПБ-нің арнайы кәсіби мамандардан жедел-тергеу тобы құрылды. Олар із-түссіз жоғалған инкассаторларды арнайы іздеп, барлық аудан орталығына шығар жерлерді, аймақтарды, көшелер мен қиылыстарға қойылған бейнекамераларды тексерді. Куәгерлерден сұрақ-жауаптар алып, қажетті деген шараларды атқарды»,- деді облыстық Полиция департаментінің бастығы.

Қайрат Дәлбековтің сөзінше,  өңірдің жедел уәкілдері сол күні сағат шамамен 20:00-ден асқанда Арыс қаласынан 3 шақырым жерден көлікті тапқан. Оны тексеру барысында қан іздері алынып, инкассаторлардың қасақана өлтірілгені белгілі болған. Ал келесі күні таңғы сағат 6:00-де  аудан орталығынан 35 шақырым жерден бастарына оқ тиген инкассаторлардың мәйіті табылған.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің тұлғасын анықтадық, сондай-ақ оны тұрғылықты мекен-жайында ұстадық. Күдікті азамат почта бөлімшесінің қызметкері, 1981 жылғы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған азаматтан аңшы мылтығы мен ұрланған ақша табылып тәркіленді. Күдіктінің айтуынша, ол еңбек демалысында жүріп, әріптестерімен бірге барар жеріне жеткізуді сұранған. Содан кейін автокөлік ішінде отырып, екі әріптесін атып, ақшаны алып, бой тасалаған. Ер азамат ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабымен, яғни  99-бабы «Адам өлтiру» және 192-бабы «Қарақшылық» бойынша қылмысты жасаған деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады»,- деді генерал-майор.

Еске салайық, 7 маусым күні Арыс қаласы маңында белгісіз біреу инкассаторларды өлтіріп, қызметтік көліктерінен 7,5 млн теңгесін тонап кеткен болатын.

Хабар 24 телеарнасы