383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда әкімшілік нысандарға жарылғыш қойылды деген ақпарат жалған болып шықты

  • 88
  • UPD: 15:18, 12.06.2019

Жамбыл облысының тұрғыны өз үйінде аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағандыда белгісіз біреулер дәмханаға келушілерді соққыға жықты. Шымкентте жас спортшылар суға кете жаздады.

Алматыдағы бірнеше әкімшілік нысанға жарылғыш қойылды деген ақпарат жалған болып шықты. Еске салайық, бүгін таңертеңгісін Медеу және Бостандық аудандық сот ғимараты оқшауланып, қызметкерлері жедел сыртқа шығарылды. Оқшауланған ынсандардың бейнежазбасы әлеуметтік желі арқылы таралған. Жарылғыш зат қойылды деп телефон арқылы хабарланған бірнеше нысан тексерілді. Алайда қалалық құқық қорғау қызметкерлері қауіпті зат табылмады, ақпарат жалған болып шыққанын айтты. 

Мамед Алиев, куәгер:

- Мен Бостандық аудандық сотынан құжаттар алып кетуге барғанмын. Келсем, сот ғимараты ошқауланған, адамдарды жақындатпайды, қызметкерлер сыртта тұр. Не болғанын сұрасам, ғимаратта жарылғыш бар деген ақпарат тарағанын айтты. Медеу ауданына келгенде де жарылғыш зат қойылды деп оқшауланғанын естідім.

Жалған ақша жасағандар ұсталды

Қостанайда жалған ақша жасаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Алаяқтардың әрекеті Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында анықталған. Олардан ұсталған кезде қолдан жасалған 223 мың Ресей рублі, 8 миллион теңге тәркіленді. Ал 19 мың 500 еуроны күдіктілер айналымға шығарып үлгеріпті. Қазір осы қылмысқа қатысы барлардың бәрі қамауға алынды. Бірнеше бап бойынша айып тағылды. 

Айнұр Оспанова, облыстық экономикалық тергеу департаментінің бас маманы:

- Осы факті бойынша ҚР ҚК 231-бабы 2-тармағы бойынша жалған ақша немесе бағалы қағаздар дайындау, сақтау өткізу бойынша, ҚР ҚК 190-бабы 3-тармағы алаяқтық бойынша іс қозғалды.

Сіңірі тартылып, суға кете жаздаған

Шымкентте триатлоннан жарысқа қатысып жатқан спортшылар абайсызда суға кете жаздады. Оқиға Бадам су қоймасында болды. 100 метр қашықтыққа жүзу барысында 2003 жылғы жас спортшының аяғы тартылып, суға бата бастаған. Қайықта отырған құтқарушылар жасөспірімге шұғыл көмекке келді. Шамамен 1 сағат өткенде оқиға тағы да қайталанды. 2008 жылғы қыз бала қауіпсіздік техникасын сақтамай, спортшылармен соқтығысып суға құлаған. Құтқарушылар бұл жолы да дер кезінде көмек көрсете білді. Көп ұзамай олар 2007 жыл туған жасөспірімді судан алып шықты. Ол суда жүзу ережесін дұрыс сақтамағандықтан әлсіреп кеткен екен. Қазіргі кезде Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары  жасөспірімдердің өміріне қауіп жоқтығын айтады. Өңірде шомылу маусымы басталғалы бері суға кету оқиғасы тіркелмепті.

Зарипа Тұрысбекова, қалалық ТЖД бас маманы:

- Жарыс барысында жедел құтқару жасағының құтқарушылары 3 жас спортшыны құтқарған. Оқиға Бадам су қоймасында орын алған. Үш спортшының өмірін аман алып қалды. Жалпы, осы шомылу маусымы басталғалы бері жедел құтқару жасақтың құтқарушылары осымен 4 адамды құтқарып отыр. Төртеуі де жас бала.

Героин тәркіленді

Жамбыл облысында ер адам героинмен ұсталды. Оның үйін тінту кезінде полицейлер 2 келі 51 грамм белгісіз затты тапты. Күдікті оны шүберекке орап, сарайына жасырып қойған екен. Жедел түрде сот-химиялық сараптама тағайындалып, ұнтақтың героин екендігі нақтыланды. Ол есірткінің аса ауыр түріне жатады. Қордай ауданының 45 жастағы тұрғыны өзінің кінәсін мойындап отыр. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Есірткі тасмалдаушы ұсталды

Осы Тараз қаласында есірткіге қатысты тағы бір оқиға тіркелді. Бұл жолы есірткі тасымалымен айналысқан 39 жастағы азамат  қолға түскен. Сапаржайда ұсталған күдікті бұрын істі болған Павлодар қаласының тұрғыны болып шықты. Атап өтерлігі, ол қызметтік иісшіл иттің көмегімен ұсталды. Тексеру кезінде оның сөмкесінен 21 келі 400 грамм кептірілген марихуана табылып, тәркіленді. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Павлодарлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Дүңгіршекті көлігімен «сүзген»

Қостанайда көлікті мас күйде тізгіндеген азамат сауда дүңгіршегіне кіріп кетті. Оқиға куәгерлері көріністі бейнетаспаға түсіріп, ғаламторға жариялап жіберген. Артынша аталған іске қатысты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Ішімдікке сылқия тойған жүргізуші көліктің рөліне ие бола алмай қалған екен. Бұл іске қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.  

Екі адам соққыға жығылды

Ал Қарағанды облысының Абай қаласында белгісіз біреулер жайбарақат дәмханада отырған екі адамды соққыға жығып,  ғимарат ішіндегі мүліктің тас-талқанын шығарды. Олар есік-терезелерді де қиратып кеткен. Полицияның жедел іздестіру жасағы жастары 27-сі мен 31-і аралығындағы Абай қаласының төрт тұрғынын ұстады. Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы