384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда жарылыс болған ғимараттан бүтін қалған 9 газ баллон сыртқа шығарылды

  • 188
  • UPD: 20:07, 17.06.2019

Қостанайдағы көліктерге техникалық қызмет көрсететін станцияда жарылыс болды. Төтенше жағдайдың салдарынан жеті адам зардап шеккен.

Оқыс жәйтқа не себеп? Оқиға куәгерлері не дейді?

Жарылыс  түске жақын, сағат 12-лер шамасында тіркелді. Оның жойқын болғаны соншалық екі қабатты ғимарат жермен жексен болды. Куәгерлердің айтуынша, қатты тарс еткен дыбыс шығып өрт туындаған. Қабырғалар опырылып түсе бастаған. Бұл кезде ғимарат ішінде жұмысшылар болған.

Тельман Бобров, зардап шегуші:

- Не болғанын өзім түсінбей қалдым. Кенеттен екінші қабаттан төменге құлай бастадық. Үйіндінің астында қалып тірідей көміліп қала жаздадым.

Жалпы саны 7 адам зардап шекті. Түрлі жарақаттармен алтауы қалалық аурухананға жеткізілді. Олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, дейді дәрігерлер.

Ирина Штейгервальд, қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

- Бізге хабар келіп түскен соң 7 минут аралығында жеттік. Жапа шеккен үшеуіне медициналық көмек көрсетілді. Олардың денелерін түрлі дәрежеде күйік шалып, бас сүйектен зақым алған.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

-  Жарылыс болған сәтте ғимарат ішінде екі көлік болған. Оның бірі сыртқа шығарылды. Мінеки жағдайын бағамдай беріңіз. Ал екіншісі дәл қазір ауыр техниканың күшімен үйіндінің астынан алынып шығарылады.

Станция көліктерге табиғи газ қондырғыларын орнатумен айналысқан. Жарылысқа қызмет көрсетудегі ақау себеп болса керек.

Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Автокөліктерге газ орнату бекеті есептеледі. Көлігінде газ ақауы бар кісі осы жерге келген болатын. Алдын ала болжам бойынша сол ақаудың кесірінен осы жерде жарылыс болған.

Оқиға орнына 30-ға жуық техника және 98 құтқарушы жұмылдырылды. Олардың күшімен ғимараттан бүтін қалған 9 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы