389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудағы пәтерден 30 тонна қоқыс шығарылды

  • 372
  • UPD: 12:52, 19.06.2019

Қоқысқа толған қос бөлмелі пәтер алпыс жастағы Наталья Афанасьеваға тиесілі.

Жалғыз басты әжей көшедегі тұрмыстық қалдықтарды 20 жыл бойы үйіне тасыпты. Соның салдарынан тұрғын үйге құрт-қоңыздар қаптап, атжалман тышқандар тіршілік ете бастаған. Амалы құрыған  көршілері тиісті орындарға хабарлап, дабыл қаққан көрінеді. Пәтердің ішін тазалауға  «Арнаулы автобаза» мекемесінің 10 қызметкері жұмылдырылды. Олар баспананың ішіндегі қоқыстарды үш көлікке тиеп, шығарды. Енді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері үй ішін кеміргіштер мен жәндіктерден тазартуға кіріспек. Жүйке ауруына шалдыққан кейуана осы уақытқа дейін Кеңес үкіметі кезіндегі қызыл төлқұжатпен жүрген. Енді оның құжаттарын қалпына келтірумен  тиісті орындар айналысуда.

Әлия Жамитова, Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері құжаттарды қалпына келтіргеннен кейін оған тиесілі барлық мемлекеттік төлемдерді рәсімдейді. Атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы, немесе басқа да жеңілдіктер тиесілі болса, соның барлығын алатын болады. Одан кейін бұл әйел қалыпты, жақсы өмір сүреді деп ойлаймыз.

Алматы облысының тәртіп сақшылары  4 күн бұрын жоғалып кеткен әйел адамның мәйітін тапты. Және осы іске қатысы бар деген 47 жастағы ер азаматты тұтқындады. Қамауға алынған күдікті қылмыс жасағанын мойындап, марқұмды қайда көмгенін көрсетті. Қайтыс болған азаматшаны жақындары танып, өз туысы екенін растаған. Қомақты қаржымен Алматыдан-Жансүгір ауылына қарай шыққан Айнұр Қасымованың қазасына байланысты тергеу- тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. 

Серік Үпиев, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Сағабүйен ауылынан аудан орталығы Ілияс Жансүгіров кентіне дейінгі аумақ толық тексерілді. Іздеу жарияланған әйел туралы ақпар барлық бөлімшелерге берілді. Іздеу шаралары барысында Қасымованың танысы әрі такси жүргізушісі ұсталды. Адам өлтіру бойынша тергеп тексеру амалдары басталды. 

Қостанайдағы көлік жөндеу бекетінің  жарылу себебі анықталды. ТЖД мамандары қайғылы оқиғаға автокөліктегі газ жүйесінің істен шығуы ықпал еткенін мәлімдеп отыр. Қазір аумақтағы құрылыс қирандыларын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жағдайдан кейін  қалада тағы бір төтенше жағдай орын алды.  Горький мектебінің жанындағы   пәтерлердің бірі отқа оранып, бір адам қаза тапты.

Қарағандылықтар туған анасынан зәбір көрген 4 жастағы сәбидің тағдырына алаңдаулы. Бет-аузы көгерген, қарны аш Софияны еріктілер тауып алып, дәрігерге тапсырған. Тексере келе, оның мұрны сынғаны, аяғы жарақаттанғаны белгілі болды. Бала анасымен бірге қала шетіндегі үйде тұрған. Баспананың санитарлық жағдайы сын көтермейді. Көршілерінің айтуынша, жалғызбасты әйел ішімдікке әуес болыпты. Бірақ, полицияның есебінде тұрмаған.  4 жастағы бүлдіршін анасының жиі қол жұмсайтынын айтып, оған апармауын өтініпті.

Әсем Ерішева, қалалық білім бөлімі қорғаншылық және қамқоршылық секторының меңгерушісі:

- Қазір біз баланы Теміртау қаласындағы жасөспірімдерді оңалту орталығына орналастырдық. Ол жерде оған медициналық, психологиялық көмек көрсетіледі. Жәбір көрген сәби тез арада сауығып, қалыпқа келеді деген үміттеміз. Ал анасы міндетті түрде әкімшілік жауапқа тартылатын болады.

Ақтөбедегі  ұялы телефон дүкеніне  қарақшылық шабуыл жасалды. Бетперде киген екі адам сауда орнының  қызметкерлерін пышақпен және тапанша іспетті затпен қорқытып, ұялы телефондарды алып кеткен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын  жүргізді.  Нәтижесінде қылмыстың ізі суымай ашылды. Күдіктілердің көлігінен 43 Iphone тәркіледі. Сонымен қатар газ тапаншасы мен пышақ табылды. Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы «Тонау» бойынша сот алды тергеу амалдары басталды.

Хабар 24 телеарнасы