389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында әскери снаряд табылды

  • 410
  • UPD: 14:01, 21.06.2019

Оралда кенет тоқтап қалған аттракционнан 18 адам құтқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Ақтөбе облысының малшылары жарылмаған әскери снарядты залалсыздандыруға өз үлесін қосты.

Ақтөбе облысында әскери снаряд табылды

Ақтөбе облысы Мөңке би ауылының маңында әскери снаряд табылды. Танкіге қарсы қолданылатын 85 миллиметрлік оқтың сыртын тот басқан. Қауіптілігі жағынан үшінші санатқа жатады екен. Оқиға орнына келген саперлар жарылғыш затты залалсыздандырды. Айта кетейік, соңғы төрт жылда бұл аймақтан оннан аса қару жарақ табылған.

Аттракционнан 18 адам құтқарылды

Оралдағы саябақта орналасқан шолу дөңгелегі кенеттен тоқтап,  айналдыру механизмінің тросын қысып қалған. Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдай мамандары 6 бала мен 12 ересек адамды төменге түсіріп алды. Дөңгелектің басында, яғни 27 метр биіктікте қалып қойғандарға арнайы техника мен автосаты көмекке келсе, төмендегілер үш иінді баспалдақпен түсіріліпті.

Айта кетейік, өңірде аттракциондардың  жарамдылығын тексеретін құзіретті мекеме жоқ. 

Дәмханадан шыққан өрт

Алматыда Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан дәмханалардың бірінен өрт шықты. Төтенше жағдай жөніндегі хабар қалалық өрт сөндіру қызметіне түскі сағат 15:06-да түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен сала мамандары тілсіз жауды 15 минутта ауыздықтады. Жалын дәмхана шытыры мен іргелас тұрған 4 қабатты тұрғын үйдің қабырғасын шарпыған. Жалпы, 100 шаршы метр аумақты қамтыды. Қалалық төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, апат дәмханадағы түтін шығатын мұржаның бітелуінен болған. Отқа күйіп, зардап шеккендер жоқ.

Полицейлер адам құтқарып қалды

Өскемендік тәртіп сақшыларының көпірден секірмек болған азаматты құтқарған видеосы жарияланды. Дәурен Саяқов пен Нұрлан Кеңесовтің кеудесіндегі құрылғыға жазылған бейнетаспада өткелдің қоршауынан өткен адамның бейнесі байқалады. Полиция қызметкерлерінің бірі оны сөзге айналдырып, әңгімеге тартқан көрінеді. Екіншісі Ертіс өзеніне секіруіне мүмкіндік бермей ұстап қалғаны көрсетілген. 

Талдықорғанда жеңілтектер ұсталды

Талдықорғандық полицейлер кезекті рейд барысында тәнін саудалаған 12 әйел адамды ұстады. Солардың екеуі шетел азаматы болып шыққан. 25-35 жас аралығындағы қыз-келіншектер арнайы тіркеуге алынып, олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 7 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олардың ішінде қонақ үй және монша иелері бар. 

Хабар 24 телеарнасы