383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды

  • 1486
  • UPD: 15:36, 24.06.2019

Арыс қаласының тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр.

Бұл туралы аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

– Жойқын жарылысқа байланысты облыс бойынша төтенше жағдай жарияланды. Зардаптарды жою жұмыстарына барлық аудан мен жақын маңдағы елді мекендер жұмылдырылды. Төтенше жағдайдың ауқымы үлкен болғандықтан, қала тұрғындарын көшіру жөнінде шешім қабылданды. Арысқа кіретін барлық бағыттар бойынша көліктер жолға шығып, адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіреді. Аудан әкімдері қарамағындағы қызметкерлермен бірлесіп лагерьлер жасақтауы тиіс. Сонда барғандар немесе туыстарының үйіне кеткендерді түгелдей тізімге тіркеуі қажет. Әрбір лагерь әкімдердің бақылауында болады.

Айта кетейік, адамдарды көшіру үшін қалада үш уақытша лагерь құрылды. Алғашысы – Ақдала қиылысында, екіншісі – 41-разьезде, ал үшінші – су тоғанының маңында. Тұрғындар сондағы әскери көліктерге мініп, қауіпсіз аймақтарға көше алады. Ал жергілікті билік өкілдері оларға барынша көмек көрсетуі тиіс.

Оқиға оқ-дәрілер сақталатын қоймада болған. Мән-жайды Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов баяндады. «Оқиға орнына Түркістан облысы ТЖД жеке құрамының 30 адамы мен 8 дана техникасы тартылды», – деп хабарлады ІІМ ТЖК өкілі.

Осыдан соң Қазақстан президенті жауапты мекемелерге Арыс қаласында болған жарылысқа байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазіргі уақытта шаһар тұрғындары эвакуацияланып жатыр.

Арыс қаласында болған жарылыс салдарынан 34 адам медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Хабар 24 телеарнасы