389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҰБТ-дан балл жинауға пара алу арқылы көмектеспек болған әкім орынбасары ұсталды

  • 484
  • UPD: 14:28, 25.06.2019

Ақтөбе облысында аудан әкімінің орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды.

Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мәлімдеді. Күдікті, яғни Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары мен Қандыағаш ауылдық мектебінің директоры екеуі аудандағы мектептердің басшыларын Білім және ғылым министрлігінен келген комиссия өкілдеріне ҰБТ-дан жоғары ұпай алу үшін пара беруге үгіттеген. Осылайша олар білім ошақтарынан 540 мың теңге қаржы жинаған. Қазір аталған іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Түркістан облысында «Қаңғыбас» жедел алдын алу іс–шарасы барысында Өзбекстан Республикасының іздеуде жүрген азаматы ұсталды. Азамат 2009 жылдан бері Қазақстан Республикасы аумағында жасырынып, қылмыстық іс бойынша іздеуде болған. Бүгінгі таңда осы уақытқа дейін жасырынып келген шетел азаматын еліне экстрадациялау жағы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ 4 бірдей Өзбекстан азаматы 250-ге жуық ұялы телефонмен ұсталды. Олар Түркістан қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірін паналап келген. Шетел азаматтары ұялы телефондарды Қызылорда және Түркістан облыстарының тұрғындарынан ыдыс-аяққа айырбастау арқылы алғандарын айтып отыр. Бүгінгі таңда полицейлер бұл ұялы телефондарды база бойынша тексеруде.

Батыс Қазақстан облысының тұрғынынан 70 дана киік мүйізі тәркіленді. Аймақ полицейлері оларды Қазталов ауданының орталығында түнгі мезгілде «ВАЗ 2121» автокөлігін тінту барысында тапқан. Күдікті Жәнібек ауданының 27 жасар тұрғыны болып шықты. Қазір аталған істің мән-жайы анықталуда. Айта кетейік, бұл Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері тіркеліп отырған осындай үшінші оқиға.

Болатбек Белгібеков, облыстық ПД баспасөз қызметі:

- Аталған факті бойынша Қазталов ауданының полиция бөлімі ҚР қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша, өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Ақтөбенің үш тұрғыны суға батып бара жатқан жасөспірімдерді құтқарып қалды. Оқиға қала маңындағы су қоймаларының бірінде болған. Шомылуға келген екі бала қауіпсіздік шараларын сақтамапты. Тіпті, жүзу де білмейді екен. Олардың батып бара жатқанын байқап қалған жағажайдағы өзге адамдар, дереу көмекке ұмтылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері оларға алғыс айтып, алдағы уақытта марапатқа ұсынылатынын жеткізді. Жалпы, шомылу маусымы басталғалы бері өңірде 4 адам суға кеткен.

Еркін Қойшыбаев, тұрғын:

- Үш бала боп құтқардық қой 2 баланы жаңағы. Екеуі де жас жігіт. 13-14 жаста шығар сол. Жүзу білмейді екен өздері. Жағада жүзіп жүргенін көрдім, үйреніп жүргенін. Бір кезде сондай оқиға болды сол. Сол құтқарып. Мен өзімді батырмын деп санамаймын жаңағы.

Алматы облысында тауда үш баласымен адасып кеткен келіншек аман-есен құтқарылды. Олар «Үлкен Алматы» шатқалына тауға шығып, жылғамен бойлап жоғары өрлей берген. Ал біраз уақыттан кейін туристер өздерінің адасып кеткендерін байқаған. Құтқарушыларға хабар жете сала, мамандар бірден іздеуге кіріскен. Нәтижесінде көп ұзамай, адасқан отбасыны тапты. Алайда, оларды таудан түсіру оңай болмапты. Құтқарушылар келгенге дейін қыздардың бірі өз бетімен түспекші болып, тепе-теңдікті сақтай алмай құлап, қолын қатты  жарақаттап алған. Абырой болғанда, қалғандары дін аман. Барлығы да құтқарушылардың көмегімен аман-есен жерге түсірілді.

Жамбыл облысында 800 бау шөп тиелген жүк көлігі өртеніп кетті. Оқиға Ерназар-Аса тас жолының бойында болды. Қызыл жалынның қызуы қатты болғаны соншалық асфальтті ерітіп жіберген. Абырой болғанда адамдар аман. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше ауыр жүк көлігінде 16 тонна шөп болған көрінеді. Өртті сөндіруге 2 бірлік техника мен 8 адам жұмылдырылды. Ал өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы