389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында кеніш басшысы шахтерлардан ақша бопсалаған

  • 379
  • UPD: 01:09, 03.07.2019

Қарағанды облысындағы «Шахтинская» шахтасының 20-дан астам кеншісі басшыларын ақша бопсалады деп айыптап отыр.

Ұжымдық келісім-шартқа сәйкес, жер астында жасаған ауыр еңбектері үшін оларға қосымша үстемақы төленуі тиіс екен. Алайда учаске басшысы ол қаржының тең жартысын өз қалтасына басқанға ұқсайды. Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз Ардақ Асылханұлы анықтап көрді.

Жеті қат жер астында ең қауіпті жұмысты атқаратын кеншілер жалақыдан бөлек, айлықтың 30 проценті мөлшерінде үстемақы алып келген. Айтуларынша, бұл ұжымдық келісім-шартта қаралған екен. Алайда маңдай термен тапқан қаражаттың тең жартысын учаске басшына бөліп беруге мәжбүр болған.

Мәдениет Бурахан, кенші:

- Көп жылдар бойы ақша алып келді жұмысшылардан. Ақшамыздың тең жартысын алады. Егер сен келіспесең, сені басқа жұмысқа, жаман жұмысқа салады.

Альфред Камбулатов, кенші:

- Бірде ақшаны бермей қойғанмын, мені келесі күні басқа жұмысқа ауыстырып жіберді. Кейін сыйақыны қиып тастады. Жұмыстан шығарамын деп қорқытты.

Басшыларының бопсалауынан әбден қажыған 20-дан астам жұмысшы компанияның қауіпсіздік қызметіне шағымданған. Олар бірден құзырлы органдарға хабарлап, қазір күдікті азаматтың үстінен қылмыстық кодекстің 250 бабы бойынша іс қозғалды.  

Жаңатай Сембеков, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

-Полицияда қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.   

Қазір учаске басшысы өз өтініші бойынша жұмыстан кеткен. Алайда тергеу жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті дейді кеншілердің құқығын қорғап жүрген адвокат.

Илья Махлов, адвокат:

- Істің қаралып жатқанына осымен екі ай өтті. Ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпыз. Әуелде учаске басшысына қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған болатын. Біз енді бұны алаяқтық жасады деген бапқа өзгертуді сұрап, өтінішхат жолдағалы отырмыз.

Кеншілердің айтуынша, учаске басшысы әр ай сайын жұмысшылардан жарты миллионға жуық ақша жинап отырған. Дегенмен, істің соңғы нүктесін сот қояды. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы