384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында жол-көлік оқиғасынан 2 адам мерт болды

  • 177
  • UPD: 15:16, 09.07.2019

Атырау-Астархань күре жолында жол-көлік апаты болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан 2 адам мерт болып, бірнеше адам жарақат алған. Ал Павлодар облысындағы тәртіп сақшылары суға түсудегі сақтық ережелеріне салғырт қараған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарта бастады.

Халықаралық маңыздағы Атырау-Астрахань күре жолында жол-көлік апатынан екі адам қайтыс болды. Түрлі деңгейде жарақат алған тағы үшеуі ауруханада жатыр. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, Исатай ауданы Жанбай ауылы маңында «Тойота» автокөлігінің жүргізушісі машинаны басқара алмай, жолдан шығып кеткен. Соның салдарынан жоғары жылдамдықпен келе жатқан автокөлік бірнеше рет аударылып түскен. Кейбір деректерге қарағанда, көліктегі азаматтар Арменияға бара жатқан Маңғыстау облысының тұрғындары көрінеді. Қазір аталған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына сай сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Жедел жәрдем көлігі жолдан шығып кетті

Орал қаласында шақыртудан келе жатқан жедел жәрдем көлігі жол шетіндегі шұңқырға түсіп кеткен. Сол жерде болған куәгерлердің сөзінше, көлік ішінде сырқаттар болмаған, тек медицина қызметкерлері ғана отырған. Көлік жүргізушісі жол үстінде бір жеңіл көліктің жолын қиып кеткенін айтқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, апаттан 22 жастағы фельдшер жеңіл жарақат алды. Басқалары дін аман. Қазір бұл іс полиция қызметкерлерінің назарында.

Суға түсу ережесі бәріне ортақ

Павлодар облысында суға түсу талаптарын ескермей жүрген  бірнеше азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ақсу қаласындағы рейд барысында тәртіп сақшылары Ертістің бойында көрсетілген ескерту белгілерінен ары асып жүзуге бел буған 3 жігітті байқаған. Демалуға келген олар суға шомылу барысындағы қауіпсіздік ережелерін мүлдем ұмытыпты. Тек полиция қызметкерлерінің ескертуінен соң ғана олар жағаға шығуға мәжбүр болған.Осылайша олардың әрқайсысына 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

«Автобус. Жаяу жүргінші» жедел алдын алу шарасы өтті

Шығыс Қазақстан облысында «Автобус. Жаяу жүргінші» жедел алдын алу шарасы қорытындыланды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, іс-шара барысы тек көлік жүргізушілерінің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жол ережесін жиі бұзатынын көрсеткен. Ал көлік рөлінде отырған азаматтардың арасында ең жиі тіркелген тәртіп бұзушылық –қауіпсіздік белбеуінің тағылмауы және көлік жүргізу барысында ұялы телефон қолдану. Осылайша аталған рейд өткен екі күннің ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жолда жүру ережесін бұзудың 350 дерегі тіркелді. Сонымен қатар жолдан өту қауіпсіздігін сақтамаған 752 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды.

Хабар 24 телеарнасы