386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Науырзым қорығынан өрт шықты

  • 238
  • UPD: 10:29, 19.07.2019

Қостанай облысындағы Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында өрт шықты. Тілсіз жау бір мың гектардай құрғақ шөпті шарпыған.

Онымен күреске 40 техника және 90-ға жуық өрт сөндіруші жұмылдырылды. Құтқарушыларға қызыл жалынды сөндіру оңай болған жоқ. Қалың қамыс қопасы мен батпақты жер өртеніп жатқандықтан бұл  аумаққа техниканың кіруі кедергі болды. Төтенше жағдай  салдарынан  адамдар мен қорықты мекендейтін  аң-құстар зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің шығу себебі нақтыланып жатыр.

Атыраулық полицейлер пәтер тонаумен айналысқан 35 жастағы қала тұрғынын ұстады. Одан ұрлық жолымен табылған 30-дан астам алтын бұйым мен өзге де мүліктерді тәркіледі. Заттардың иелерін іздестіру үшін әлеуметтік желілердің мүмкіндігі пайдалануда. Егер жарияланған фотосурет пен бейнематериалдан өз мүліктерін таныса «102» операторына хабарласуына болады. Тәркіленген заттардың ішінде әртүрлі номиналда жасалған арнайы монеталар, ойын приставкалары, компьютерлер, тіпті құрылыс құрал-саймандары да бар. Полицейлердің дерегі бойынша жыл басынан бері 123 ұрлық фактісі ашылған. Барлық тіркелген фактілердің ішінде қайталанып жасалған немесе  аса ірі көлемдегі шығын келтірілгені үшін 31  факті ұрлық қылмысының ауыр түріне жатады. Жалпы қалада ұрлықтардың ашылуы 96,4 пайызды құрап отыр. 

Жамбыл облысында көші-қон заңнамаларын бұзған 350 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл «Заңсыз келуші» операциясы басталған екі күннің нәтижесі. Ұсталғандардың арасындағы 82 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Сонымен қатар көршілес Өзбекстаннан келген 38 еңбек мигранты да бар. Арнайы рұқсат қағазымен құжаты жоқ олар құрылыс нысандары мен құрылыс материалдарын шығаратын зауыттарда жұмыс істеп келсе, қалғаны асханалар мен наубайханаларда еңбек еткен. Оларды заңсыз жұмысқа қабылдаған отандық кәсіпкерлердің әрқайсысы 75 мың теңгеден астам айыппұл төлейді.  Ал еңбек мигранттары Қазақстан аумағынан шығарылады.

Қарағанды қаласының көшелерінде екі жаяу жүргініші жол-көлік апатына түсті. Рұқсат етілмеген жерден жүгіріп өте шығам деген 71 жастағы әйелді машина қағып ауруханаға түсті. Қарияның аяғы сынған. Ал екінші дерек бойынша  жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан әйелді қатты жылдамдықпен келе жатқан автожүргізуші қағып өте шықты. Жарақаты ауыр болғандықтан, ол оқиға орнында қайтыс болды.

Қостанайда кәріз жүйесі қақпақтарына құмартқандар қатары жиілеп кетті. Жыл басынан бері қалада 40-қа жуық шойын қақпақ ұрланған. Темір терсекті тиын табудың тетігіне айналдырғандар қазынаға екі миллион теңгедей шығын келтірді. Ал жергілікті коммуналдық кәсіпорын шығынды өз есебінен өтеуге мәжбүр. Негізінен қолды болған құдық қақпақтары металл қабылдаушыларға тапсырылады. Сондықтан таяқтың бір ұшы өздеріне тиіп кететінін білетін олар қақпақ тапсырушылар келсе, дереу полицияға хабарлайтын болған. Бұл ұрыларды ұстауға септігін тигізіп отыр.

Арман Әрімов, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Қала бойынша 23 металл қабылдау бекеті бар. Ол жерлерге темір-терсек күн сайын жеткізіледі. Біз полициямен бірлесіп оларды жиі тексереміз. Тексерістер кесте бойынша ал кейде ескертусіз де өткізіліп тұрады.

Хабар 24 телеарнасы