386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жол апатынан 6 адам көз жұмды

  • 176
  • UPD: 14:16, 30.07.2019
Алматы облысында жол апатынан 6 адам көз жұмды turkystan.kz

Бүгін түнде Алматы облысында екі жол-көлік апатынан 6 адам көз жұмды, тағы 9 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен.

Оның ішінде балалар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Алматы-Өскемен және Қарғалы-Мыңбаев тасжолдарында болған. «Жол-көлік оқиғасының бірі Алматы-Өскемен республикалық тасжолының Көксу ауданындағы Балпық би ауылының маңында болған. Ол жерде БМВ-525 автокөлігі аударылды. Соның салдарынан жүргізуші мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі жолаушы мен бір бала ауруханаға жатқызылды. Жол апатының себебі тергеу барысында анықталады. Қажетті сараптамалар тағайындалған», – деп мәлімдеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Осыған ұқсас жол-көлік оқиғасы бүгін түнде Жамбыл ауданының Қарғалы ауылының маңында болды. Ол жерде «Сан-Йонг» және «Ауди-100» автокөліктері соқтығысқан. Жантүршігерлік көлік апатынан 3 адам көз жұмды. Тағы алты адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген, оның екеуі бала. «Осы факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу жұмыстарын облыстық полиция департаментінің анықтаушыларына жүргізу тапсырылды», – деп толықтырды баспасөз қызметі.

Полиция қабылдаған шараларға қарамастан соңғы айда өңірдің автожолдарында 100-ге жуық көлік апаты тіркелген. Онда 40-тан астам адам қаза тауып, 140-тан астам азамат жарақат алды. Жол апаттарының негізгі себептері бұрынғысынша жылдамдық режимін сақтамау, қарама-қарсы жолға шығу, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін сақтамауы дейді.

Хабар 24 телеарнасы