386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұғалімдерді «Мектепке жол» акциясына мәжбүрлі түрде қатыстыру дерегі анықталды

  • 377
  • UPD: 23:18, 30.07.2019

Елімізде бірқатар мұғалімдерді «Мектепке жол» акциясына мәжбүрлі түрде қатыстыру дерегі анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл заңсыздық. Егер де осындай жағдай болса, ұстаздар бірден Білім және ғылым министрлігіне жүгініп, шағымдануы тиіс. Бұл туралы аталған ведомствоның басқарма басшысы айтты. Жалпы «Мектепке жол» шарасын өткізудің тәртібі биыл өзгерген. Қандай жаңашылдықтар бар?

Бір айдан соң қыркүйек. Тамыздан-ақ мектепке қамдану басталады. Базардағы тіршілік қайнайды. Сауда қызады. Оқушылардың киімі һәм оқуға қажетті заттарының құны шарықтай жөнеледі. Бір-екі баласы барларға білінбес. Бірақ көп балалы отбасылар мен әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған жанұялардың бұл бір шақ қалтасын қағып алады. Бірақ «Мектепке жол» атты игі акция бар. 2008 жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келеді. Талай балаға киім, сөмке, дәптер, қалам сынды зат сыйлады. Зат дейміз ау, ең бастысы қуаныш сыйлады. Хош. Осы бір «Мектептке жол» шарасын өткізудің тәртібі биыл өзгерді. Өзгергенін көз көрді. Қалай дейсіз ғой. Білім және ғылым министрлігі «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен уағдаласып, оқушыларға жасалатын көмекті онлайн негізде ұйымдастыруды қолға алған. Яғни, үйіңізде яки жұмысыңызда отырып-ақ порталға кіріп, ақшаңызды аудара аласыз. Қайырымдылық үшін. Үміт Құтыбай сияқты.

Үміт Құттыбай, қала тұрғыны:

- Мектепке жол акциясы бойынша төлем жасау үшін www.atamekenim.kz сайтына кіріп, одан кейін «Мектепке жол» деген жерді таңдаймыз. Одан кейін онлайн аударым дегенді басып,аты-жөніңізді, жібергіңіз келген соманы, және банк картасын толтырамыз. Төлеген соң бірнеше уақыттан кейін мына жердегі тізімге сіздің де аты-жөніңіз шығады.

Мақсат не? Алдымен онлайн порталда көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады. Көмекке зәру адамдардың көмектен тыс қалмауы қамтамасыз етіледі.

Қаражаттың түсуін, қайда жұмсалып жатқандығын онлайн түрде бақылауға болады.

Ержан Жиренбай, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы:

- Портал арқылы көмекке мұқтаж адамдар да өз өтінішін қалдыра алады. Ол өтініш порталда көрініп тұрады. Қандай көмек керек, бәрі көрініп тұрады.

Тағы бір ерекшелігі, жаңа тәртіппен ұйымдастырылып отырған акция бір-екі айлық яки науқаншылдық емес.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Білім және ғылым министрлігі өкілдерінң айтуынша, игі акциясы тек қыркүйекке дейін емес, жыл он екі ай бойы жалғаспақ. Яғни, балаңызға мектепке қажетті заттар керек болса, www.atamekenim.kz порталына кіріп, өтініш қалдыра аласыз. Жалпы «Мектепке жол» акциясының жүзеге асырылып келе жатқанына 11 жылдың жүзі болды. Осы уақыттың ішінде ұзын ырғасы 2 миллион 960 мың оқушыға жалпы құны 20 миллиард теңгенің материалдық көмегі көрсетілген.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы