386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда сатушы пышақтан сыра қалбырымен қорғанып аман қалды

  • 118
  • UPD: 13:34, 12.08.2019

Ақтау қаласындағы мөлтек аудандардың бірінде дүкен тонамақ болған екі күдікті тұтқындалды. Сатушыға пышақ кезенген басбұзарлар әуелі тауарды тегін талап етсе, артынша ақша сұраған. Алайда олардың ойы іске аспады.

Сыра шөлмектерімен қорғанған сатушы тонаушыларға тиісінше тойтарыс бере білген. Шудан қорыққан ұрылар бой тасалаған. Бұл оқиға бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты. Аталған факт бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Төле би ауданында құтқару операциясын өткізді. Қасқасу елді мекенінен 15 шақырым жердегі Сайрам су шатқалына демалуға шыққан 29 жастағы азаматтың аяқ асты денсаулығы сыр берген. Демікпесі ұстаған жас жігіт  құтқарушылардан көмек сұраған. Жедел құтқару жасағының қызметкерлері сағат 04:40 минутта оқиға орнына жетіп, сағат 08:35-те зардап шегушіні төмене түсіріп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Ол мұндай жағдайға екінші рет ұшырап отырған көрінеді. 2016 жылы осы Сайрам-су шатқалында дәл осы жігітті құтқару бойынша операция тікұшақпен жүргізілген. 

Қарағанды қаласында белгісіз біреу 102 телефонына хабарласып, «City mall» сауда үйін жарып жіберемін деп қорқытқан. Оқиға орнына тиісті қызметтердің жеке құрамы жедел жұмылдырылып, ғимараттан 240 адам сыртқа шығарылған. Бір сағат өткеннен кейін, 102 телефонына қайта қоңырау шалынып, облыстық әкімдіктің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны жайлы ақпар түскен. Полиция қызметкерлері екі ғимаратты да тексерді. Жарылғыш зат табылған жоқ. Жедел-іздестіру шаралары барысында 39 жастағы күдікті ұсталып, одан қоңырау шалған телефон тәркіленіп алынды.  Террорлық ақт туралы жалған ақпарат таратқаны үшін  Қылмыстық Кодекстің 273 бабына сәйкес тергеу алды амалдары басталды.

Қызылордада полицейлер сора өсірген 33 жастағы азаматты ұстады. Есірткі алқабы «Көкнәр - 2019» жедел-профилактикалық шарасы барысында анықталды. 33 жастағы Қызылорда тұрғыны 680 түп сораны Жалағаш ауданындағы  «Нарөлген» мекенінде еккен екен.  Оқиға орнынан полицейлер жалпы салмағы 187 кг сора өсімдігін тапқан. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігін 3-тармағымен  сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

«Қауіпсіз аула» жедел алдын алу шарасы кезінде Атырау облысында заңсыз есірткі өнімдерін сатумен айналысқан 24 жастағы азаматша қолға түсті. Полиция қызметкерлері одан айғақ зат ретінде адам денсаулығына уақытша күшті әсер ететін 64 дана медициналық препарат тәркіледі. Бұл препараттар көз дәрігерлерінің арнайы рұқсатымен ғана берілуі тиіс. Алайда есірткі тасымалдаушылар мен есірткіге тәуелділер бұл дәрілерді өз мақсаттарына пайдаланады. Нақтырақ айтсақ көзге тамызуға арналған препаратты тамырға және бұлшық етке егу арқылы уақытша ләззат алады. Қазір осындай дертке душар болған 164 тұрғын наркологиялық диспансердің арнайы есебінде тіркеуде тұр. Ал есірткі саудасымен айналысқан мына әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жалпы жыл басынан бері Атырау облысы бойынша осындай қылмыс түрімен айналысқан 23 адам ұсталды.    

Алматыда жолдағы кикілжіңнің соңы қарулы қақтығысқа ұласқан. Осы оқиғаны көрген куәгерлердің айтуынша Көкжиек шағын ауданында жолға таласқан жүргізушілердің бірі екіншісіне тапанша кезенген. Одан соң «Газель» көлігінің иесі оқ атып, жол үстіне шыққан «Toyota» автомобилінің жүргізушісін қағып құлатып, үстінен өтіп кеткен. Артынша оқиға орнынан бой тасалап үлгерген. Зардап шеккен азаматтың қазіргі жағдайы белгісіз. Мәселенің мәнісін полиция қызметкерлері анықтап жатыр.

Хабар 24 телеарнасы