385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да аңшылық соңы жұртқа оқ атумен аяқталды

  • 81
  • UPD: 15:43, 15.08.2019

Бәйтерек ауданының Белес ауылында атыс болды. Үрейі ұшқан тұрғындар полицияға қоңырау шалған. Жедел жеткен тәртіп сақшылары ауылдың қақ ортасында қарумен жүрген азаматтарды ұстап, қамауға алды.

Кейін анықталғандай олар Орал қаласының тұрғындары болып шықты. Далаға аңға шыққандар арақтары біткесін, ауыл дүкеніне келген. Осы жерде жергілікті жігіттермен ілініскен. Өз әрекеттеріне есеп беруден қалған әңгүдіктер айналаға оқ жаудырған. Қазір қолға түскендерден «Сайга-20» маркалы атыс қаруы алынып, қару иесі мен оның қасындағы досына әкімшілік қаулы толтырылды. Іс аудандық әкімшілік сотқа жіберілді. 

Қарағанды облысының Шахтинск қаласы аумағындағы саяжайлардың бірінде 80 жастағы қария ашық тұрған құдыққа құлап кеткен. Абырой болғанда аман қалды. Алайда омыртқасы сынған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар тереңдігі 10 метр құдықтан ақсақалды алып шығып, жедел-жәрдем қызметі оны ауруханаға жеткізді. Қазір қария тиісті ем-домын алып жатыр. 

Ақтау қаласында ашық тұрған кәріз шұңқырына автомобиль түсіп кетті. Жол жөндеу кезінде жұмысшылар люктің қақпағын жаппай, оның орнын топырақпен толтырған екен. Жүргізушілер болса жол астында жасырынған қатерді аңдамаған. Енді осы жерден бамперін жұлып, дөңгелегін жарғандардың қатары күн санап көбеюде. Көлік иелерінің бірі мердігерден өтемақы талап етіп отыр. Ол өз шығынын 170 мың теңгеге бағалапты. Ал құрылысшылар болса айыптарын мойындауға асығар емес.  

Қостанай облысының  Меңдіқара ауданында  жол жөндеумен айналысатын кәсіпорынға тиесілі тіркемелі шағын вагон өртеніп, 43 жастағы ер адам қаза тапты. Жылжымалы уақытша тұрақжай  ағаштан жасалып, сырты қаңылтырмен қапталған. Бастапқы болжам бойынша өрттің тұтануына темекі тұқылының дұрыс өшірілмеуі себеп болған. Қазір осы оқиға бойынша  сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.

Азамат Орынбаев, Облыстық ТЖД бастығының орынбасары: 

- «Анықталған мәліметке сәйкес, ол Қостанай жолдарына қатысы жоқ адам болып шықты. Не себептен ол вагонда болғанын әрмен қарай тергеу көрсетеді. Жыл басталғанан бері Қостанай облысында өрттен 17 адам қаза тапты». 

Жамбыл облысы Ақкөл орман шаруашылығында өрт шығып, 50 гектар аумақтағы қураған шөп пен сексеуіл ағаштары жанып кетті. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен үш күн бойы арпалысты. От төңірекке лезде тарап, маңайдағы бірнеше шаруа қожалығына қауіп төндірді. Өртті сөндіруге жергілікті еріктілер тобы мен өрт сөндірушілер жұмылдырылған. Айта кету керек, облыста жыл басынан бері 11 дала өрті тіркеліп, 37 мың гектар жер жанып кеткен. Алдын ала болжам бойынша қоршаған ортаға 3 миллион теңгеден астам шығын келіп отыр. 

Талас Назаров, өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі:

«Өрттің көп жануына аумақтың сусыз болуы және қатты желдің ықпалы тиді. Өрт сөндіруге жалпы 6 техника, 60 адам жұмылдырылды». 

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында да дала өртеніп жатыр. Бір тәулікте 700 гектар алқап жанып кеткен. Жалынмен күреске  100-ден астам адам мен 20-ға жуық техника жұмылдырылған. Айта кету керек, қазір Қарқаралы ауданындағы орман өртінің аумағы да 2500 гектарға жетті. Аптап ыстық пен қатты желдің салдарынан тілсіз жауды ауыздықтау әзірше мүмкін болмай тұр. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, осы күнге дейін өңірде 300 өрт тіркеліп, 16 мың гектар дала қызыл жалынға оранған. 

Алматының Бостандық ауданында отқа оранған үйден 1 бала мен екі ер адам құтқарылды. Өрттің шығуына «Мерседес» автокөлігінің газ құбырына соғылуы себеп болған екен. Соның салдарынан алау айналаға шапшып, жақын маңдағы тұрғын үйді өрт шалған. Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар 11 жастағы қыз бен екі ер адамды үйден алып шығады. Абырой болғанда, өрт олар отырған үйдің бөлігіне жете қоймаған екен. Есесіне, жапсарлас салынған тұрғынжайлар түгел жанып кеткен. 

Таразда нөмірі 37-бағыттағы автобус жанып кетті. Оқыс оқиға Аққозиев көшесінінің бойында болған. Әлеуметтік желі арқылы тараған бейнекөріністе  сары түсті қоғамдық көліктің лаулап жанып жатқаны бейнеленген. Абырой болғанда адамдар аман. Қазір өрттің неден шыққаны анықталуда. Оқиға орнына жылжымалы зертхана шығып тергеу-іздестіру  шаралары жүріп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы