387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да екі жасар бала жоғалып кетті

  • 189
  • UPD: 15:11, 18.08.2019
ШҚО-да екі жасар бала жоғалып кетті

Полиция қызметкерлері мен еріктілер Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында жоғалып кеткен 2 жасар сәбиді іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«17 тамыз күні Алтай аудандық полиция бөлімінің 102 нөміріне Средигорное ауылының тұрғыны қоңырау шалып, 2017 жылы дүниеге келген ұлының ауладан шығып кеткенін және қазіргі уақытқа дейін қайда екендігі белгісіз екенін айтты. Ақпарат түскеннен кейін қажетті іздеу шаралары ұйымдастырылып, оған аудандық полиция бөлімі жеке құрамының 100 қызметкері, төтенше жағдайлар қызметінің 24 қызметкері және 300 ерікті жұмылдырылды», - делінген ҚР Ішкі істер министрлігінің Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратта.

Қазіргі уақытта Средигорное ауылының және жақын елді мекендердің аумағы тексеріліп жатыр. Іздеу шараларына 36 автокөлік және атты шолғыншылар да тартылған. Сәбиді іздеуге жұмылдырылған қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін аталған өңірге ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Арман Баймурзин, ШҚО полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев және Алтай ауданының әкімі Нұржан Төсейітов арнайы барған. Жоғалған сәби 2017 жылы дүниеге келген Әлихан Талғатовтың бойы 80-90 см, шашы қара, қысқа. Үстіне балықтың суреті бар көк түсті футболка, көкшіл-сарғыш түсті шолақ шалбар киген. Сәбиге қатысты кез келген ақпаратты 102 нөмірі арқылы полиция органдарына хабарлау керек.

Хабар 24 телеарнасы